Мессидің соңғы ойыны: аңыз ойыншы Аргентина құрамасындағы қоштасу матчын қашан өткізеді?
Лионель Мессидің Аргентина құрамасындағы дәуірі мәресіне жақындады. 2026 жылғы 6 қазанда 39 жастағы футболшы ұлттық құраманың жейдесін соңғы рет киіп, алаңға шығады. Қоштасу матчы Буэнос-Айрестегі әйгілі «Монументаль» стадионында өтеді, ал Аргентинаның қарсыласы Бенин құрамасы болады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Соңғы матч арнайы Месси үшін ұйымдастырылады
Месси 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін, 31 тамызда, ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеген еді. Алайда Аргентина футбол қауымдастығы капитанның жанкүйерлермен толыққанды қоштаспай кетуін қаламады.
Бас бапкер Лионель Скалонимен сөйлескеннен кейін AFA президенті Клаудио Тапия Мессиге тағы бір матчқа оралуды ұсынды. Осылайша, Бенинге қарсы кездесу оның ұлттық құрамадағы ресми қоштасу ойынына айналады.
Әлем чемпиондарын қайта жинайды
6 қазандағы кешті ерекше деңгейде өткізбек. «Монументальға» 2022 жылы Катарда әлем чемпионы атанған Аргентина құрамасының футболшылары мен олардың отбасылары шақырылады.
Клаудио Тапия алдағы кездесуді Мессидің «соңғы тангосы» деп атап, капитанның ұлттық құрама сапындағы жиырма жылдан астам мансабына лайықты қоштасу ұйымдастырылатынын айтты.
Қоштасу матчы үшін арнайы форма дайындалды
Мессидің соңғы ойынына арнайы жейде де әзірленді.
Форма Аргентинаның дәстүрлі ақ-көгілдір түстерін сақтайды, бірақ алтын түсті элементтермен безендірілген. Мессидің есімі мен әйгілі 10-нөмірі де алтын түспен жазылған.
Лео арнайы форманы әлеуметтік желіде көрсетіп, оның өмір бойы есте қалатын жейде болатынын меңзеді.
Аргентина құрамасында 20 жылдан астам уақыт
Месси Аргентинаның негізгі құрамасында алғаш рет 2005 жылы дебют жасады.
Ұлттық құрамадағы ұзақ жолында ол 2014 жылғы әлем чемпионатының финалындағы ауыр жеңілістен бастап, мансабындағы басты жетістік - 2022 жылғы әлем чемпионатындағы жеңіске дейін жетті.
Сонымен қатар Месси Аргентинамен бірге 2021 және 2024 жылдары Америка кубогын жеңіп алды.
2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін оның ұлттық құрамадағы статистикасы 207 матч пен 125 голға жетті.
Мессидің соңғы үлкен турнирі
Лионель үшін соңғы ірі жарыс 2026 жылғы әлем чемпионаты болды. Аргентина тағы да финалға дейін жетті, алайда шешуші кездесуде Испанияға жол берді.
Бірнеше аптадан кейін Месси ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын ресми түрде жариялады.
Аргентина Мессидің қоштасуына дейін тағы екі матч өткізеді
Бенинмен кездесуге дейін Скалони командасы тағы екі жолдастық ойын өткізеді.
30 қыркүйекте Аргентина Кордовада Боливиямен кездессе, 3 қазанда «Монументальда» Буркина-Фасоны қабылдайды.