«Өте лайықты әрі құрметке татиды»: Кравец «Барыстың» мәскеулік «Динамоны» жеңгенін бағалады
«Барыс» бас бапкері Михаил Кравец ҚХЛ тұрақты чемпионатында шәкірттерінің мәскеулік «Динамоны» 4:1 есебімен жеңгеніне түсініктеме берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Астаналық команда тәлімгері нәтижеге қарамастан, сырт алаңдағы ұзақ серияға байланысты ойынның ауыр болғанын мойындады. Соған қарамастан, ол хоккейшілерінің ойынға бар күшін салғанына риза:
«Үш шайба айырмасымен жеңгенімізге қарамастан, өте ауыр ойын болды. Сырт алаңдағы төртінші матч. Алдыңғы қарсыластармен кездесулерде көп күш жұмсадық, бірақ жігіттер жарады — бүгін мінез көрсетті. Қақпашымыз тағы да керемет ойнады. Ал 41 тосқауыл қойылған соққы — өте лайықты әрі құрметке татитын көрсеткіш, бұл командаға жеңіске жетуге көмектеседі.
Өз мүмкіндіктерімізді пайдалана алдық. Иә, «Динамо» үшінші кезеңде бізге қысым жасады, бірақ біз аймақтан біршама сауатты шыға білдік, қорғана алдық және мәселені өз пайдамызға шештік. Жігіттерді сәтті сырт алаңдағы сериямен, ал жанкүйерлерді жеңіспен құттықтаймын» — деді Кравец, оның сөзін ҚХЛ баспасөз қызметі келтірді.
«Барыс» келесі матчын өз айдынында 25 қыркүйекте «Нефтехимикке» қарсы өткізеді.