locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Барыстан» жеңілгеннен кейін «Динамо» бапкері не айтты?

Леонид Тамбиев астаналықтардың оның командасына жасаған көп мүмкіндігін пайдалануға жол бермегенін айтып, қонақтардың қорғаныстағы ойынын ерекше атап өтті
«Барыстан» жеңілгеннен кейін «Динамо» бапкері не айтты?
ФОТО: ҚХЛ

Мәскеудің «Динамосының» бас бапкері Леонид Тамбиев ҚХЛ тұрақты чемпионатында «Барыстан» 1:4 есебімен жеңілген матчқа пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Маманның айтуынша, алаң иелері шайбаға жиі иелік етіп, әсіресе үшінші кезеңде қысымды күшейткен. Алайда «Барыс» қорғаныста сенімді ойнап, қарсыласына матч барысын өзгертуге мүмкіндік бермеді.

«Біз көп шабуылдадық, мүмкіндіктер жасадық, әсіресе үшінші кезеңде қақпаға жиі соққы бағыттадық. Бірақ соққы саны жеткіліксіз болды, мүмкіндіктерді пайдалана алмадық. «Барыс» өз аймағында өте жанкешті ойнады, хоккейшілер шайбаның жолына шығып, көптеген соққыны бөгеді», - деді Тамбиев.

«Динамо» бапкері ойын тағдырына әсер еткен эпизодтардың бірін де атады. Әңгіме үшінші кезеңнің басында Джейк Масси соққан «Барыстың» үшінші шайбасы туралы болды.

«Үшінші жіберілген гол біз үшін маңызды сәт болды. Қысым жасап жатқан едік, бірақ бір эпизодта соңына дейін ойнамай, бірден гол өткізіп алдық. Қарсылас 40-тан астам соққыны бөгеді. Бұл «Барыстың» қорғаныста қаншалықты жанкешті ойнағанын көрсетеді», - деп қосты ол.

Айта кетейік, екі кезеңнен кейін астаналықтар Гарретт Пилонның дублінің арқасында 2:1 есебімен алда тұрды. Үшінші кезеңде Джейк Масси есеп айырмасын арттырса, ойын соңында Джастин Бэйли бос қақпаға шайба жіберіп, қорытынды есепті белгіледі - 4:1.

Бұл «Барыстың» жаңа маусымдағы жеті матчта қол жеткізген бесінші жеңісі болды. Астаналықтар 10 ұпай жинап, Шығыс конференциясында үшінші орынға көтерілді.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie