Месси қатарынан үшінші пенальтиін соға алмады: «Интер Майами» «Нэшвиллден» ойсырай жеңілді
«Интер Майами» MLS тұрақты чемпионатының кезекті матчында ірі есеппен жеңілді. Флорида командасы сырт алаңда «Нэшвиллге» 1:4 есебімен есе жіберді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алаң иелері 17-минутта есеп ашты. Энди Нахар «Нэшвиллді» алға шығарды. Көп ұзамай «Интер Майами» таразы басын теңестіруге тамаша мүмкіндік алды. 23-минутта Лионель Месси пенальти орындағанымен, мүмкіндігін пайдалана алмады. Бұл аргентиналықтың қатарынан соға алмаған үшінші пенальтиі болды.
Соған қарамастан, Месси үзіліске дейін нәтижелі әрекетімен көзге түсті. Қосымша уақытта ол Теласко Сеговияға пас беріп, командаласы есепті теңестірді - 1:1.
Екінші таймда «Нэшвилл» ойынды толық өз бақылауына алды. 49-минутта Хани Мухтар алаң иелерін қайтадан алға шығарса, арада жеті минут өткенде Сэм Сарридж есеп айырмасын ұлғайтты.
63-минутта Мухтар тағы бір гол соғып, дубль авторы атанды және матчтың қорытынды есебін белгіледі - 4:1.
MLS-2026. Тұрақты чемпионат
«Нэшвилл» - «Интер Майами» - 4:1 (1:1)
Голдар: Нахар, 17 (1:0), Сеговия, 45+3 (1:1), Мухтар, 49 (2:1), Сарридж, 56 (3:1), Мухтар, 63 (4:1).
Соғылмаған пенальти: Месси, 23.
Осылайша, Месси кездесуді нәтижелі паспен аяқтағанымен, пенальтиден сәтсіз сериясын жалғастырды. Аргентиналық футболшы қатарынан үшінші рет 11 метрлік айып добын голға айналдыра алмады.
Бұған дейін «Интер Майами» 2026 жылғы Лигалар кубогындағы жарыс жолын аяқтаған еді. Үшінші турда Флорида командасы өз алаңында Мексиканың «Леон» клубына 2:3 есебімен есе жіберді.