Месси мансабындағы 923-голын соқты: Роналдуға жету үшін қанша гол қалды
Лионель Месси мансабының соңғы кезеңінде жеке статистикасын толықтыруды жалғастырып келеді. «Интер Майами» шабуылшысы MLS тұрақты чемпионатында «Торонтоға» қарсы матчта гол соғып, кәсіби мансабындағы гол санын 923-ке жеткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
39 жастағы аргентиналық футболшы клубтар мен ұлттық құрама сапындағы 1170-матчында мергендігімен көзге түсті. Алайда капитанның голы «Интер Майамиді» жеңілістен құтқара алмады - кездесу «Торонтоның» 2:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Қазір Мессидің еншісінде мансабындағы 1170 матчта 923 гол және 420 нәтижелі пас бар.
Ал соғылған гол саны бойынша Криштиану Роналду әлі де алда келеді. 41 жастағы португалиялық футболшы жуырда «Әл-Наср» сапында тағы бір рет мергендігімен көзге түсіп, гол санын 977-ге жеткізді.
Осылайша, әлем футболының екі аңызының арасындағы айырмашылық қазір Роналдудың пайдасына 54 голды құрайды.
Бұл ретте Месси португалиялық футболшыдан 161 матчқа аз өткізген. Сондай-ақ аргентиналық ойыншы нәтижелі пастар саны бойынша Роналдудан айтарлықтай алда - 420-ға 261.
Голдар мен нәтижелі пастарды қосқанда, Мессидің еншісінде 1343 нәтижелі әрекет бар. Ал Роналдудың көрсеткіші - 1238.
Дегенмен 1000 гол межесіне жету жарысында португалиялық футболшының басымдығы сақталып отыр. Роналдуға тарихи көрсеткішке жету үшін тағы 23 гол қажет болса, Мессиге 77 рет мергендік таныту керек.
Екі футболшы да клубтық деңгейде өнер көрсетуді жалғастырып, жеке статистикасын тұрақты түрде толықтырып келеді. Роналду «Әл-Насрдың» намысын қорғаса, Месси «Интер Майамидің» көшбасшысы болып қала береді. Арадағы айырмашылық біртіндеп өзгеріп жатқанымен, голдар жарысында португалиялық жұлдыз әзірге алда.