Мальта-поляк төрешілер бригадасы: УЕФА Фарер аралдары — Қазақстан матчының төрешілерін жариялады
УЕФА-ның төрешілер органдары топтық кезеңнің бірінші турында Фарер аралдары мен Қазақстан құрамалары арасында өтетін матчта жұмыс істейтін төрешілер бригадасын анықтады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алаңдағы төрешілер бригадасы мальталық болады. Бас төреші болып 33 жастағы мальталық Ишмаэль Барбара тағайындалды. Ол Қазақстан құрамасына таныс төреші: бұған дейін FIFA Series аясында Комор аралдарына қарсы өткен (1:0) матчта жұмыс істеген. Бұл — оның Қазақстан құрамасымен өткізген жалғыз ойыны.
Ал Фарер аралдары құрамасымен ол енді ғана танысады: Барбара бұған дейін клубтық деңгейде де, ұлттық құрамалар деңгейінде де аралдық командаға қарсы матчта жұмыс істемеген.
- Сондай-ақ оқыңыз: Молдова құрамасының жартылай қорғаушысы Қазақстанды Ұлттар лигасындағы ең қиын қарсылас атады
Төрешінің көмекшілері Люк Портелли мен Джеймс Мускат, сондай-ақ төртінші төреші Слободан Петрович те мальталық. Ал VAR жүйесінде жұмыс істеу үшін УЕФА мальталық емес, поляк төрешілерін тағайындады: VAR төрешісі — Павел Малец, оның көмекшісі — Бартош Франковски.
Еске сала кетейік, Ұлттар лигасы топтық кезеңінің бірінші турында өтетін Фарер аралдары — Қазақстан матчы 26 қыркүйекте Астана уақытымен 21:00-де Торсхавнда өтеді.
