Қазақстандық суретші Елена Рыбакинаның ерекше портретін жасады
Әлеуметтік желілерде Assolyaa лақап атымен танымал қазақстандық суретші Асель Сабыржанқызы Елена Рыбакинаның бейнесін ерекше тәсілмен мәңгілікке қалдырды. Ол теннисшінің портретін кілемге салды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Суретші «Нөмірі бірінші» деп аталатын кілемдегі портретін Instagram парақшасында көрсетті.
Видеодан оның Елена Рыбакинаның портретін теннис ракеткасы мен добының көмегімен салып жатқанын көруге болады.
Бұған дейін Асель Сабыржанқызы әлемге танымал жұлдыздардың бейнесін де салған. Оның жұмыстарының қатарында Энрике Иглесиас, Дженнифер Лопес, Джеки Чан, Николь Шерзингер және басқа да танымал өнер иелерінің портреттері бар. Кейбір туындыларын суретші өзі бейнелеген жұлдыздарға жеке табыстаған.
US Open турнирінің жартылай финалына шығуының арқасында Елена Рыбакина әлемдік WTA рейтингінде Арина Соболенконы басып озып, бірінші орынға көтерілді.
Турнирдің финалында қазақстандық теннисші Беларусьтен шыққан бұрынғы әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді. Бұл титул Елена Рыбакина үшін «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші жеңіс болды. Бұған дейін ол 2022 жылы Уимблдонда және 2026 жылы Australian Open-де чемпион атанған.
Рыбакина жаңа мәртебесіндегі келесі турнирін WTA 1000 санатындағы China Open жарысында өткізеді. Бейжіңдегі турнир 30 қыркүйек пен 11 қазан аралығында өтеді.