«Тәжірибем жетіспеді» — Қазақстанның 19 жастағы семсерлесушісі Азиададағы күміс жүлдесі туралы
Қазақстандық семсерлесуші Кирилл Проходов 2026 жылғы Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарындағы семсерлесуден жеке турнирде күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Финалдық жекпе-жекте Проходовқа соңғы екі Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері, жапониялық Коки Кано қарсы тұрды. Финал тартысты өткенімен, қазақстандық спортшы 13:15 есебімен жеңіліп, күміс медальді қанағат тұтты.
Бұған дейін 19 жастағы қазақстандық Қытай Тайбэйінің өкілі Илу Гастон Гийемоны 15:14, қытайлық Лань Минхаоны 15:7 есебімен жеңіп, жартылай финалда Гонконг спортшысы Фонг Хой Сунды 15:13 есебімен ұтқан болатын.
«Мен өзіме көңілім толады. Бірақ «алтынға» өте жақын болғанымды түсінемін. Бар күшімді салдым, алайда сәл жетпей қалды. Қарсыласым өте мықты болды. Өздеріңіз білетіндей, Кано — екі дүркін Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы. Яғни әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Оңай болған жоқ. Ал маусымға келсек, ол барлық күткенімнен асып түсті. Маусымды керемет өтті деп айтуға болады. Ал финалда, меніңше, тәжірибем жетіспеді. Себебі жарыстарға қатысып, тұрақтылыққа ие болып келемін. Бірақ бізбен екі жылдан бері ғана жұмыс істеп келе жатқан бас бапкерімізден әлі де бәрін үйреніп үлгермегенімді сеземін. Ол бізге көп нәрсе бере алады. Мен сол тәжірибені толықтырғым келеді. Сондықтан бұл жеңіліс қажетті тәжірибенің жетіспеуінен болды деп ойлаймын», — деді Проходов.
Сондай-ақ семсерлесуші Азиададағы алдағы жоспарларымен бөлісіп, алғашқы медалі туралы айтып берді.
«Алда командалық турнир бар. Біз оған қазірдің өзінде дайынбыз. Біз әрқашан жеңіске жетуге, ұтуға және дайындалуға бағытталамыз. Ертең, меніңше, жарыс алдында жеңіл жалпы дене дайындығын өткіземіз, содан кейін толық қалпымызға келіп, жарысқа кірісеміз. Қазір мені қуантатыны — бұл ересектер арасындағы деңгейде алған алғашқы жеке медалім. Жасөспірімдер мен кадеттер арасында жеке де, командалық та медальдарым болған. Ал мұнда ерлер арасындағы алғашқы жеке жүлдем. Дәл ересектер деңгейінде. Бұл қуантады», — деп қосты Кирилл.
Бұған дейін Қазақстан спорттық гимнастикадан (ерлер арасындағы еркін жаттығу) 32 жылдан кейін алғаш рет күміс медаль жеңіп алды. Бұл жүлдені ел қоржынына гимнаст Милад Карими салды.