Рыбакина Гауффты қиындықпен жеңіп, Торонто финалына шыққаннан кейін пікір білдірді
Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Торонто қаласында өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирдің жартылай финалында америкалық Кори Гауффты жеңгеннен кейін пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесу қазақстандық теннисші үшін оңай басталған жоқ. Рыбакина алғашқы партияда 5:7 есебімен есе жіберді. Алайда одан кейін ойын барысын толықтай өзгертіп, келесі екі сетті бірдей 6:2 есебімен өз пайдасына аяқтады. Қорытынды есеп - 5:7, 6:2, 6:2.
Матчтан кейін Рыбакина турнир барысында жиналған шаршаудың сезіле бастағанын жасырмады. Соған қарамастан, шешуші сәттерде барынша жинақы ойнап, соңына дейін күресуге тырысқанын жеткізді.
«Кортта соншалықты көп уақыт өткізгендеймін, кейбір соққылар өздігінен орындалып жатқандай сезіледі. Маңызды сәттердің бірнешеуінде доп қабылдау кезінде сызық та көмектесті. Мен тек соңына дейін күресуге тырыстым. Осындай кеш уақытқа дейін қалып, мені қолдаған жанкүйерлерге рақмет. Шынымен де өте ұзақ күн болды», - деді Рыбакина.
Қазақстандық теннисші Гауффпен өткен кездесуге де жеке тоқталды. Еленаның айтуынша, америкалық спортшымен матчтары үнемі тартысты өтеді. Тіпті екеуі бірге жаттыққан кезде де алаңда тең дәрежеде бәсеке жүреді.
«Кокомен бұған дейінгі кездесулеріміз де өте қиын өткен. Тіпті бірге жаттыққан кезімізде де тартыс тең болады. Бүгін мен үшін ең бастысы - зейінді жоғалтпай, өз жоспарымнан ауытқымау болды. Әсіресе матчтың соңына қарай доп беруім көп көмектесті. Бірінші сетте екеуіміз де жақсы ойнадық, кейін менің ойынымда аздап төмендеу болды. Сондықтан үш сетке созылған тағы бір кездесуде жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын», - деді қазақстандық теннисші.
Рыбакина турнир барысында көрсеткен мінезіне де тоқталды. Ол командасымен бірге атқарған жұмысына көңілі толатынын айтып, финалда да сол қарқынды сақтауға тырысатынын жеткізді.
«Осы аптада көрсеткен ойыныма шынымен ризамын. Командаммен бірге жақсы дайындалдық. Енді ең бастысы - осы бағыттан таймау. Финал қалай аяқталса да, кортқа шығып, ойыннан ләззат алып, соңына дейін күрескім келеді», - деп атап өтті Рыбакина.
Финалға барар жолда қазақстандық теннисші қатарынан екі ауыр үш сетке созылған кездесу өткізді. Ширек финалда Рыбакина алғашқы партияны ұтылғанына қарамастан, жапониялық Наоми Осаканы 4:6, 7:6, 6:4 есебімен жарыстан шығарды. Артынша Гауффқа қарсы кездесуде де алғашқы сеттен кейін камбэк жасады.
Торонто турнирінің финалында Рыбакина Польша өкілі Ига Швентекпен кездеседі. Швентек жартылай финалда украиналық Элина Свитолинаны 6:3, 1:6, 6:3 есебімен жеңді.