«Интер» — «Қайрат»: матч қашан және қайда көрсетіледі?
Қарашаның 5-інен 6-сына қараған түні алматылық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі шешуші кездесуін өткізеді. Бұл жолы қазақстандық команда Миланда жергілікті «Интерге» қарсы ойнайды.
Үш турдан кейін «Қайраттың» еншісінде небәрі бір ұпай бар. Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері алғашқы екі ойында «Спортингке» (1:4) және «Реал Мадридке» (0:5) есе жіберіп, өз алаңында кипрлік «Пафоспен» тең түсті (0:0).
- Матчтың барлық ең қызықты сәттерін Sports24.kz Telegram-арнасында live режимде көруге болады!
Ал «Интер» сенімді көш бастап келеді. Итальяндықтар үш ойынның үшеуінде де жеңіске жетіп, 9 ұпай жинады. Команда «Аякс» (2:0), «Славия» (3:0) және «Сент-Жиллуазды» (4:0) тізе бүктірді.
Кездесу Миландағы әйгілі «Джузеппе Меацца» стадионында өтеді. Матч Астана уақытымен 01:00-де басталады. Тікелей трансляцияны «Qazsport» телеарнасынан тамашалауға болады.