«Қайрат» өсіп келеді». Жоржиньо «Интермен» өткен матчтан кейін не деді?
«Қайрат» шабуылшысы Жоржиньо ЧЛ жалпы кезеңіндегі төртінші тур аясында «Интерге» қарсы сырт алаңда өткен (2:1) матчтан кейін пікір білдірді.
Кездесудің басында Лаутаро Мартинеспен шағын эпизод орын алған болатын. Алайда Жоржиньо бұл сәтке сабырмен қарады:
«Бұл - қалыпты ойын жағдайы. Ол алғаш допқа тиді, қозғалыс барысында қолы бетіме тиді. Әдейі жасаған ештеңе жоқ. Төреші фол белгілеуі мүмкін еді, бірақ бұл - футбол. Ешқандай ауыр жағдай болған жоқ».
Ойынға баға берген кезде Жоржиньо «Қайраттың» деңгейі айтарлықтай өскенін атап өтті:
«Есеп тұрғысынан ең жақсы нәтиже емес. Бірақ ең мықты қарсыластарға қарсы ойын сапасы бойынша - бүгін біз жақсы көріндік. Біз күрестік, бас тартпадық. Ақырында бәрін ұсақ детальдар шешті. Оларда мүмкіндік болса - олар оны пайдаланады. Біз осы жолға түсіп келеміз. Біз өсіп жатырмыз. Команда турнирдің басынан бері айтарлықтай алға жылжыды. Иә, біз жеңген жоқпыз, бірақ дамуымызды бағалай білуіміз керек», - деді ол QSport-қа берген сұқбатында.
Қорытынды есеп 2:1 болғанына қарамастан, «Қайрат» өзін ЧЛ-да тек қатысушы ғана емес, есеппен ойнайтын қарсылас ретінде таныта алды. Төрт турдан кейін алматылық клуб жалпы кезең кестесінде 1 ұпаймен 34-орында тұр. Келесі матч - 26 қараша күні сырт алаңда «Копенгагенге» қарсы өтеді.