locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Қара дресс-код, Хабиб пен Конор: Роналдудың ықтимал үйлену тойы туралы не белгілі

Әлеуметтік желілерде жұлдызды жұптың үйлену тойы қызу талқыланып жатыр
Қара дресс-код, Хабиб пен Конор: Роналдудың ықтимал үйлену тойы туралы не белгілі
ФОТО: Getty images

Криштиану Роналду мен Джорджина Родригестің үйлену тойына қатысты ақпарат соңғы күндері шетелдік БАҚ пен әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Sports24.kz.

Талқылауға журналистердің қолына түсті делінген үйлену тойына арналған шақыру қағазы түрткі болды. Тараған мәліметке сәйкес, салтанатты рәсім Португалияның Синтра қаласындағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген әйгілі Кинта-да-Регалейра сарай-саябақ кешенінде өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ қонақтарға тек қара түсті киіммен келу ұсынылғаны да назар аудартты.

ФОТО: Getty images

Бұдан бөлек, шақырылған қонақтардың болжамды тізімі де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. БАҚ мәліметінше, мерекеге Килиан Мбаппе, Винисиус Жуниор, Родриго, Рио Фердинанд, Вин Дизель, Рианна, Дженнифер Лопес, Дрейк және Трэвис Скотт қатысуы мүмкін болған.

Ең көп талқыланған жайттардың бірі — Хабиб Нурмагомедов пен Конор Макгрегордың да шақырылуы мүмкін деген ақпарат болды. UFC тарихындағы ең әйгілі текетірестердің біріне айналған олардың бір шарада бас қосуы туралы қауесет әлемдік БАҚ-та кеңінен тарады.

Алайда көп ұзамай бұл мәліметтердің шынайылығына күмән туындады. Криштиану Роналду да, Джорджина Родригес те, олардың ресми өкілдері де үйлену тойына дайындық жүріп жатқанын растаған жоқ. Интернетте жарияланған қонақтар тізімінің де нақтылығы дәлелденбеді.

ФОТО: Getty images

Бұған дейін Роналду үйлену тойы 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін өтетінін айтқан еді. Ал Джорджина бірнеше рет сән-салтанатқа толы мерекеден гөрі, ең жақын жандарының ортасында өтетін шағын әрі тыныш рәсімді қалайтынын жеткізген.

Жұлдызды жұптың махаббат хикаясы 2016 жылы Мадридтегі Gucci бутигінде басталған. Сол кезде Джорджина сатушы-кеңесші болып жұмыс істеген. Бүгінде олар әлемдегі ең танымал жұптардың бірі саналады.

Қазір Криштиану мен Джорджина бес баланы тәрбиелеп отыр: Криштиану кіші, егіздер Ева мен Матео, сондай-ақ Алана Мартина мен Белла Эсмеральда. 2025 жылдың тамызында Джорджина неке жүзігін көрсетіп, екеуінің ресми түрде сөз байласқанын жариялаған болатын.

Осылайша, Роналду мен Родригестің үйлену тойына қатысты әңгімелер жалғасып жатқанымен, салтанатты рәсімнің нақты күні мен өтетін орны туралы ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

ФОТО: Getty images
Аружан Темірбек
Аружан Темірбек
Редактор
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie