«Енді маған бір ат берсе». Мұхаммеджан Сейсен матчтан кейін ерекше өтініш жасады
Қазақстан құрамасының қақпашысы Мұхаммеджан Сейсен Солтүстік Македониямен өткен (1:1) әлем чемпионаты-2026 іріктеу ойынынан кейін күтпеген әзіл-өтінішімен ел назарын аударды.
Кездесуде бірнеше қауіпті соққыны тойтарып, ойынның қаһармандарының біріне айналған Сейсен журналистер мен жанкүйерлерге жымиып былай деді:
«Мен Жамбылдың тумасымын. Бізде бұл қанмен берілген ғой: әкем де шапқан, атам да шапқан. Қазір барлық қақпашыларға көлік сыйлап жатыр, ал маған болса, ең болмаса бір ат берсе екен!» – деп әзілдеді Сейсен.
Айта кетейік, бұған дейін «Қайраттың» жас қақпашылары Темірлан Анарбеков пен Шерхан Қалмырза Чемпиондар лигасындағы сәтті ойыны үшін демеушілерден автокөлік сыйға алған болатын.
Сондай-ақ, Солтүстік Македониямен өткен матч қорытындысы бойынша Мұхаммеджан Сейсен ойынның үздік футболшысы атанып, елдегі ең сенімді қақпашылардың бірі екенін тағы бір дәлелдеді.