Қазақстан құрамасы Бельгияға қарсы матч алдында маңызды ойыншысынан айырылды
Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Бельгияға қарсы шешуші матч алдында құрамдағы маңызды ойыншысынан айырылды.
Sports.kz хабарлауынша, жартылай қорғаушы Исламбек Қуат шешуші кездесуде командаға көмектесе алмайды.
Тәжірибелі ойыншының алаңға шықпауына себеп – ескерту қағаздарының артық шоғырлануы. Солтүстік Македонияға қарсы өткен сырт алаңдағы кездесуде Қуат тағы бір сары қағаз алып, бұл оның биылғы іріктеу кезеңіндегі екінші ескертуі болды.
Іріктеу кезеңінің соңғы турында Талғат Байсуфиновтың шәкірттері J тобында төртінші орында тұр және әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығу мүмкіндігін математикалық тұрғыда жоғалтып үлгерді.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасының көшбасшысы Зайнутдинов дисквалификацияға байланысты Бельгияға қарсы матчты өткізіп жібереді.