Екі дүркін Қазақстан чемпионы ҚПЛ-ға мерзімінен бұрын оралды
Қарағандылық «Шахтер» келесі маусымнан бастап Қазақстан футболының элиталық дивизионында өнер көрсетеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Екі дүркін Қазақстан чемпионы жаңа маусымда ҚПЛ-да ойнау құқығын мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Қазақстан Бірінші лигасының 20-турындағы матчта «кеншілер» семейлік «Елімай М» командасының қонағы болды.
Бірінші тайм негізінен тең дәрежелі күресте өтті. Кездесудің алғашқы жартысының соңына қарай Андрей Ульшиннің голының арқасында қонақтар есеп ашты. Ал екінші 45 минутта «Шахтер» тағы екі гол соқты. Нұрхан Қағазбаев пен Артем Литош дәл соққыларымен көзге түсті – 3:0.
Осылайша, атақты клуб 55 ұпай жинап, элиталық дивизионға жолдаманы мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Чемпионаттың аяқталуына алты тур қалғанда қарағандылықтар төртінші орында тұрған «Академия Оңтүстік» командасынан 22 ұпайға озып тұр. Ал турнир кестесінде екінші орында келе жатқан «Қайрат-Жастардың» Премьер-лигада өнер көрсетуге құқығы жоқ.
Еске салайық, «Шахтер» Қазақстан чемпионы атанған – 2011 және 2012 жылдары. Ал 2013 жылы клуб Қазақстан Кубогы мен Суперкубогын жеңіп алды.
Айта кетейік, ойын күнінің тағы бір кездесуінде «Тұран» сырт алаңда «Батырды» 4:2 есебімен жеңді. Түркістандық ұжым Бірінші лига турнирлік кестесінде 41 ұпаймен үшінші орында келеді.