Видео: Махачев пен Гэрри UFC 330 турниріндегі титулдық жекпе-жек алдында алғаш рет көз арбасты
UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев пен ирландиялық Иэн Гэрри алдағы титулдық жекпе-жек алдында алғаш рет көз арбасты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қос файтердің кездесуі Филадельфияның ең танымал орындарының бірінде - Рокки Бальбоаның әйгілі мүсіні орналасқан Өнер мұражайының алдында өтті. Махачев пен Гэрри жекпе-жекке дейін алғаш рет дәл осы жерде бетпе-бет келді.
Көз арбасу кезінде спортшылар бірнеше секунд бір-бірінен көз алмай тұрды. Алайда ешқандай жанжал болған жоқ. Енді екеуі арадағы мықтыны октагонда анықтайды.
Махачев пен Гэрри арасындағы жекпе-жек 16 тамызда өтіп, Филадельфиядағы UFC 330 турнирінің басты оқиғасына айналады. 34 жастағы ресейлік файтер үшін бұл жартылай орта салмақтағы UFC чемпиондық белбеуін алғаш рет қорғауы болмақ.
Махачев кәсіби ММА мансабында 28 жеңіске жетіп, бір рет қана жеңілген. Ал 28 жастағы Гэрридің еншісінде 17 жеңіс пен бір жеңіліс бар.
Ирландиялық файтер мансабындағы жалғыз жеңілісін 2024 жылдың желтоқсанында тіркеді. UFC 310 турнирінде Гэрри қазақстандық Шавкат Рахмоновқа төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен есе жіберген.