Сауль Альварес – Кристиан Мбилли. Онлайн көру
31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта көпшілік асыға күткен бокс кештерінің бірі өтеді. Екінші орта салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы Сауль «Канело» Альварес (63-3-2, 39 КО) WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Кристиан Мбиллимен (29-0-1, 24 КО) жұдырықтасады, деп хабарлайды Sports24.kz.
36 жастағы мексикалық боксшы үшін алдағы айқас чемпиондық белбеуді қайта иеленуге мүмкіндік болмақ. Ал камерундық тегі бар 31 жастағы француз спортшысы атағын сақтап қалып, жеңіліссіз сериясын жалғастыруды көздейді.
Альварес соңғы рет 2025 жылдың қыркүйегінде шаршы алаңға шыққан болатын. Сол кезде ол америкалық Теренс Кроуфордтан төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіліп, екінші орта салмақтағы абсолютті Әлем чемпионы атағынан айырылды.
Мбилли де былтырғы қыркүйектен бері жекпе-жек өткізген жоқ. Оның соңғы қарсыласы гватемалалық Лестер Мартинес болды. Екі боксшы арасындағы айқас тең нәтижемен аяқталған еді.
2026 жылдың қаңтарында Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) чемпиондық белбеу бос қалғаннан кейін Мбиллиді ұйымның толыққанды әлем чемпионы деп таныды. Енді француз боксшысы алғаш рет өз атағын қорғап, қазіргі бокстың ең танымал әрі титулды өкілдерінің бірімен жұдырықтасады.
Альварес – Мбилли жекпе-жегі қашан басталады және қайдан көруге болады?
Бокс кешінің басты айқасы 1 қараша күні Қазақстан уақытымен шамамен сағат 01:00-де басталады деп жоспарланған. Дегенмен нақты уақыт бұған дейінгі жекпе-жектердің ұзақтығына байланысты өзгеруі мүмкін.
Сауль Альварес пен Кристиан Мбилли арасындағы кездесудің тікелей трансляциясы DAZN стримингтік платформасында ақылы көрсетілім (PPV) арқылы қолжетімді болады.
Осылайша, мексикалық боксшы WBC чемпионы атағын қайтарып алуға ұмтылса, Мбилли бұрынғы абсолютті әлем чемпионына қарсы кездесуде өзінің мықтылығын дәлелдеуге тырысады.