Елена Рыбакинаның келесі турнирі қашан өтеді
Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Токиодағы WTA 500 турнирінен мерзімінен бұрын шығып қалғаннан кейін қараша айында кортқа қайта оралуды жоспарлап отыр. 27 жастағы қазақстандық теннисшінің келесі жарысы АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтетін WTA қорытынды турнирі болмақ, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) ресми күнтізбесіне сәйкес, маусымның басты қорытынды жарысы 2026 жылғы 8-15 қараша аралығында Indian Wells Tennis Garden кешенінің хард корттарында өтеді. Оған биылғы маусымның үздік сегіз теннисшісі қатысады.
Рыбакина 14 қыркүйекте-ақ жарысқа жолдама алған алғашқы теннисші атанды. Қазақстандық спортшыдан бөлек, қатысушылар қатарында Арина Соболенко, Мирра Андреева, Джессика Пегула, Коко Гауфф, Элина Свитолина, Каролина Мухова және Линда Носкова бар.
Топтық кезеңде теннисшілер төрт ойыншыдан екі топқа бөлінеді. Әр қатысушы үш кездесу өткізіп, өз тобында алғашқы екі орынға ие болғандар жартылай финалға жолдама алады. Рыбакинаның қарсыластары мен матчтарының нақты кестесі жеребе тарту рәсімінен кейін белгілі болады.
Қазақстандық теннисші үшін алдағы жарыстың маңызы ерекше. 2025 жылы Елена Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирінде бірде-бір жеңіліссіз чемпион атанған болатын. Енді ол атағын екінші жыл қатарынан қорғауға мүмкіндік алады. Мұндай жетістікке соңғы рет америкалық Серена Уильямс қол жеткізген.
Еске салайық, 30 қазанда Рыбакина Токиодағы WTA 500 турнирінің ширек финалында канадалық Лейла Фернандеске қарсы кездесуден бас тартты. Бұған мойын тұсындағы қабыну мен ауырсыну себеп болған. Жарақат теннисшінің толық күшінде өнер көрсетуіне мүмкіндік бермеген.
Ал бір күн бұрын қазақстандық спортшы отандасы Юлия Путинцеваны 6:2, 6:3 есебімен жеңіп, алғаш рет маусымды әлемдік рейтингтің көшбасшысы ретінде аяқтайтынына кепілдік алған еді.
Осылайша, Рыбакинаның келесі жарысы Индиан-Уэллстегі WTA қорытынды турнирі болмақ. Дегенмен оның бұл додаға қатысуы жарақатынан қаншалықты айыққанына байланысты болады.