Дастан Сәтпаев жарақатына байланысты «Челсиге» қайта оралады ма?
Дастан Сәтпаев әзірге «Челсиге» нақты оралмайды. Бұған дейін БАҚ-та 18 жастағы қазақстандық шабуылшы жарақаттан кейін оңалту жұмыстарын жүргізу үшін лондондық клубтың Кобхэмдегі базасына баратыны туралы ақпарат тараған, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алайда журналист Бобби Винсент жағдайды нақтылады. Оның мәліметінше, «Бернли» қазір шабуылшының жарақатын бағалап, оның шынымен де «Челсиге» оралуы қажет пе, жоқ па - соны анықтап жатыр.
Екі клуб байланыста және футболшының алдағы оңалту жоспарын бірге талқылауда.
«Бернли» Сәтпаевтың жарақатын бағалап, 18 жастағы футболшыны оңалту үшін «Челсиге» қайтару қажет пе, жоқ па - соны анықтап жатыр. Екі клуб байланыста және қазақстандық ойыншының алдағы жоспарын талқылауда», - деп жазды Винсент.

Осылайша, Сәтпаевтың Кобхэмге баруы мүмкін нұсқалардың бірі болып қала береді. Алайда әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ.
Сәтпаев жарақатты «Мидлсброға» қарсы матчта алды. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Ойыннан кейін футболшының санның артқы бөлігіне байланысты мәселесі бары белгілі болды. «Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен шабуылшының бірнеше апта алаңға шыға алмайтынын растады. Сондай-ақ маман Сәтпаевтың маусым алдындағы дайындықтан өткенімен, оның толыққанды болмағанын атап өтті. Осыған байланысты бапкерлер штабы ойын жүктемесі мен футболшының физикалық жағдайы арасында тепе-теңдік сақтауға тырысқан.
Жарақатына байланысты Дастан «Бернлидің» «Бристоль Сити» және «Рексемге» қарсы кездесулерін өткізіп алды. Оның нақты қашан алаңға оралатыны әзірге белгісіз.
Сәтпаевтың жарақаты оның ағылшын клубының негізгі құрамында тұрақты ойнай бастаған тұсына сәйкес келді. Жарақат алғанға дейін қазақстандық футболшы «Бернли» сапында төрт матч өткізіп үлгерді. «Мидлсброға» қарсы кездесу оның Англияға ауысқаннан кейінгі ең сәтті ойындарының бірі болды.
Қазақстан құрамасына қатысты да сұрақ туындап отыр. Сәтпаевтың бірнеше апта бойы қалпына келуі мүмкін екені айтылғандықтан, оның қыркүйектегі ұлттық құраманың матчтарына қатысуы күмән тудырады. Қазақстан 26 қыркүйекте Фарер аралдарымен, ал 29 қыркүйекте Словакиямен кездеседі.
Еске салайық, жазда Сәтпаев ресми түрде «Челси» футболшысы атанып, 2033 жылға дейін келісімшартқа қол қойды. Лондондық клубпен маусым алдындағы дайындықтан кейін 18 жастағы шабуылшы тұрақты ойын тәжірибесін алу үшін 2026/27 маусымына «Бернлиге» жалға берілді.