Ризабек Айтмұхан Астанада өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатында Садулаевпен кездеседі
Астанада 2026 жылғы әлем чемпионатындағы еркін күрес жарыстарының жеребесі тартылды. Қазақстандық жанкүйерлер үшін басты оқиғалардың бірі 97 келіге дейінгі салмақта Ризабек Айтмұханның алғашқы қарсыласын анықтау болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық балуанның алғашқы қарсыласы Ресей атынан сынға түсетін Абдулрашид Садулаев болады.
Іріктеу кезеңінің белдесулері 29 қазанда Астана уақытымен 10:30-дан 14:30-ға дейін өтеді. Жартылай финалдар 16:30-да басталады. 30 қазанда жұбаныш белдесулері (10:30 - 14:30) және финалдық блок (18:00 - 20:00) жоспарланған.
Садулаев — екі дүркін Олимпиада чемпионы және қазіргі заманғы ең атақты балуандардың бірі. Ал Айтмұхан Қазақстан тарихындағы еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Алдағы кездесу қазақстандық спортшы үшін 2026 жылғы ақпанда Албанияда өткен халықаралық турнирдің жартылай финалындағы жеңілісі үшін қарымта қайтаруға тамаша мүмкіндік болады. Сол кезде Садулаев Айтмұханды 14:3 есебімен жеңген еді.
Сонымен қатар 97 келіге дейінгі салмақта нағыз жұлдыздар шоғырланған. Айтмұхан мен Садулаевтан бөлек, жүлделер үшін АҚШ-тан Кайл Снайдер және Бахрейннен Ахмед Тажудинов сынды Олимпиада чемпиондары күреседі.
Спорттық күрестен әлем чемпионаты Астанада 24 қазаннан 1 қарашаға дейін өтеді.