Қарағандыда 16 мың орындық жаңа футбол стадионы салынады
Тимур Турлов «Шахтер» футбол клубын дамыту жоспарлары туралы айтып берді. Қарағандыда жаңа жабық футбол стадионы мен футбол академиясын салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sports24.kz.
Атап айтқанда, кәсіпкер жаңа жабық футбол стадионының құрылысына инвестиция салмақ. Бизнесменнің айтуынша, инфрақұрылымды дамыту да Қарағанды клубын ұзақ мерзімді дамыту жобасының бір бөлігі болып табылады.
«Біз әкімдікпен өте белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Әкімдік жаңа, үлкен, шатыры жылжымалы футбол стадионын салады және біз бұл процеске міндетті түрде қатысамыз. Менің естуімше, қазір 16 мың адамға арналған стадионның жобасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ оның шатыры жылжымалы болады. Қарағандының климатын ескерсек, бұл өте маңызды», - деді Тимур Турлов.
Сондай-ақ Турлов академияға арналған стадионның құрылысы туралы да мәлімдеді.
«Академиямызда кемінде 4,5 мың орын болады. Бұл тек жастар командамызға арналған футбол стадионы. Онда жаттығу алаңдары, қаңқалы манеж болады — бұл елімізде алғаш рет салынып жатқан нысан. Біз қазір оны осы аумақта тұрғызып жатырмыз. Клуб жеке қолға өткеннен кейін бұл жоба «Шахтерді» дамытудың негізгі бағыттарының біріне айналуы тиіс. Жаңа инфрақұрылым негізгі командаға ғана емес, жас футболшыларды даярлауға да жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деп қорытындылады ол.
Еске салайық, «Шахтер» Бірінші лиганың турнирлік кестесінде көш бастап, келесі жылы Премьер-лигаға шығу жолдамасын мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.
Бұған дейін «Шахтер» Қазақстанның жетекші клубтарының бірі болған. 2011 жылы команда тарихында алғаш рет ел чемпионы атанса, 2012 жылы титулын қорғап қалды. 2013 жылы Қарағанды клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан алғашқы қазақстандық команда болды.