Дастан Сәтпаев «Бернли» сапында алғаш рет толық матч өткізіп, командадағы ең жоғары бағаны алды
«Бернлидің» 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев ағылшын клубы сапында алғаш рет толық матч өткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық футболшы Чемпионшиптің үшінші турында «Норвичке» қарсы кездесуді негізгі құрамда бастап, финалдық ысқырыққа дейін алаңда қалды. «Бернли» 1:4 есебімен жеңілгеніне қарамастан, Сәтпаев Flashscore нұсқасы бойынша 7,5 балл алды. Бұл – команда ойыншылары арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
90 минут ішінде Дастан қарсылас қақпасына үш рет соққы жасап, оның біреуін дәл бағыттады. Оның күтілген гол көрсеткіші 0,15 xG болды. Сонымен қатар қазақстандық шабуылшы қарсыластың айып алаңында сегіз рет допқа тиіп, сегіз дриблингтің төртеуін сәтті аяқтады.
Сәтпаев серіктестеріне де бірнеше жақсы мүмкіндік жасап берді. Ол үш кілттік пас орындап, 0,39 xA жинады. Алаңның соңғы үштен бір бөлігінде 14 пастың сегізін дәл жеткізіп, бір қауіпті шабуылдың өрбуіне тікелей қатысты.
Жалпы матч барысында Дастан 30 пастың 23-ін дәл орындады. Пас дәлдігі 77 пайызды құрады. Допсыз ойында да белсенді болған қазақстандық футболшы 11 жекпе-жектің төртеуінде басым түсіп, екі рет допты тартып алды және үш мәрте команданың допқа қайта иелік етуіне көмектесті.
Осылайша, «Бернли» үшін сәтсіз аяқталған кездесудің өзінде Сәтпаев команданың ең көзге түскен ойыншыларының бірі болды және клуб сапында алғаш рет толық 90 минут өткізді.

«Бернли» келесі матчын 3 қыркүйектен 4 қыркүйекке қараған түні өткізеді. Чемпионшиптің төртінші турында команда өз алаңында «Мидлсброны» қабылдайды.