«Челси» жұлдызының әкесі Сатпаевтың талантын жоғары бағалады
«Челси» капитаны Рис Джеймстің әкесі Найджел Лондон клубының қазақстандық жаңа ойыншысы Дастан Сатпаевтың әлеуетін жоғары бағалайды, деп хабарлайды Daily Mail.
Бұған дейін «көктер» болашағынан зор үміт күттіретін форвардқа Англияға бейімделуін жеңілдету үшін жеке жаттықтырушы тағайындау туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл міндет «Челси»-де Найджел Джеймске жүктелді. Осыдан кейін бапкер Қазақстанға ұшып келіп, Сатпаев өнер көрсеткен «Қайраттың» оқу-жаттығу базасымен танысып, жаңа шәкіртімен әңгімелесті.
Айта кетейік, Дастан Джеймс-әкеге ерекше әсер қалдырды. Ол жас шабуылшының менталитетін жоғары бағалап, оны Қазақстанда пайда болған ең үмітті футболшы деп атады.
Еске сала кетейік, Дастан «Қайрат» сапындағы соңғы ойынын өткізіп үлгерді. Лондондық клубқа ауысуы 18 жасқа толғаннан кейін жүзеге асады. Перспективалы форвардтың трансфері ағылшын Премьер-лигасының алпауытына 2,4 миллион еуроға түсті.