«Астана» ойыншысы Швейцариядан жеңілген Боснияны құтқара алмады
Швейцария құрамасы әлем чемпионаты-2026 топтық кезеңінің екінші турында Босния және Герцеговинаны жеңді, деп хабарлайды Sports24.kz.
В тобы аясындағы кездесу ұзақ уақыт бойы голсыз өтті. Алайда матчтың соңғы бөлігінде швейцариялықтар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, жеңіске жақындай түсті. 74-минутта Манзамби есеп ашса, арада он минут өткенде Варгас командасының басымдығын арттырды.
80-минутта босниялықтар Мухаремовичтің алаңнан қуылуынан кейін бір ойыншыға кем қалды. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған швейцариялықтар қосымша уақытта тағы екі рет мергендігімен көзге түсті. Манзамби дубль авторы атанса, матчтың соңғы нүктесін команда капитаны Гранит Джака қойды.
Босния және Герцеговина құрамасы тек бір голмен жауап қайтара алды. Қосымша уақыттың үшінші минутында Махмич есеп айырмасын қысқартты.
«Астана» клубының жартылай қорғаушысы Иван Башич матчты қосалқы құрамда бастады. Ол 63-минутта Тахировичтің орнына алаңға шықты.
Әлем чемпионаты-2026. В тобы. Екінші тур
Швейцария - Босния және Герцеговина - 3:1
Голдар: Манзамби, 74, 90+1; Варгас, 84 - Махмич, 90+3.
Алаңнан қуылды: Мухаремович, 80 (Босния және Герцеговина).
Бірінші турда Швейцария Катармен 1:1 есебімен тең ойнаған болатын. Ал Босния және Герцеговина Канадамен өткен кездесуде жеңісті уысынан шығарып алып, 1:1 есебіне қанағат тұтқан еді. Сол матчта Иван Башич негізгі құрамда алаңға шыққан болатын.