«Челси» Дастан Сәтпаевтың жалға берілуінен қанша табыс табатыны белгілі болды
18 жастағы Дастан Сәтпаев мансабын «Бернлиде» жалғастырады. Қазақстандық шабуылшы «Челсиден» Чемпионшип клубына бір маусымға жалға беріліп, 2026/27 жылғы маусымды жаңа команда сапында өткізеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Келісімнің қаржылық шарттары да белгілі болды. Transfermarkt мәліметінше, «Бернли» Сәтпаевты жалға алғаны үшін «Челсиге» 350 мың еуро төлейді. Бұл шамамен 190 миллион теңгеге тең.
Сонымен қатар клубтар арасындағы келісімде қазақстандық футболшының ойын уақытына байланысты арнайы шарт қарастырылған. Яғни «Бернлиде» Дастан «Челсидің» негізгі құрамында әзірге кепілдік беру қиын болып отырған тұрақты ойын тәжірибесін жинауға мүмкіндік алады.
«Челсидің» Сәтпаевқа жоспары ұзақ мерзімге арналған
Лондондық клуб қазақстандық футболшымен болашағын байланыстырып отыр. Кәмелет жасына толғаннан кейін Сатпаев ресми түрде «Челсиге» қосылып, 2033 жылға дейін есептелген ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды.
Жалға берілгенге дейін Дастан негізгі құраммен бірге маусым алдындағы дайындықтан өтті. Бірнеше жолдастық кездесуде алаңға шығып, «Вестерн Сидней Уондерерс» қақпасына жетінші минутта гол соғып үлгерді.
Дегенмен алдағы маусымды шабуылшы Лондонда емес, «Бернлиде» өткізеді. Чемпионшиптегі ойындар Сәтпаевқа ағылшын футболының қарқыны мен физикалық күресіне бейімделіп, «Челсиге» оралғанға дейін қажетті тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Сәтпаев «Бернли» сапында қашан дебют жасауы мүмкін?
Қазақстандық жанкүйерлер Дастанның жаңа клубтағы алғашқы ойынын ұзақ күтпеуі мүмкін. 16 тамызда «Бернли» өз алаңында «Вест Хэмді» қабылдайды. «Терф Мур» стадионындағы кездесу Астана уақытымен 20:00-де басталады.
Дәл осы матч Сәтпаевтың «Бернли» жейдесіндегі дебютіне айналуы ықтимал. Алайда оның алаңға шығатыны әзірге нақты емес - соңғы шешімді бапкерлер штабы қабылдайды және футболшы матчқа өтінімге енуі керек.
Дастанның өзі де жалға ауысқаннан кейін бұл қадамды мансабындағы маңызды кезең деп санайтынын жеткізді. Қазақстандық шабуылшы жаңа командада өзін көрсетіп, «Бернлидің» Премьер-лигаға қайта оралуына көмектесуді көздейді.