locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

ӘЧ-2026-ның ең шағын елі: Кюрасао футбол тарихын қалай қайта жазды?

Халқы небәрі 156 мың адам болатын Кюрасао ӘЧ-2026 турниріне қалай жолдама алды?
Футбол
Аружан Темірбек
Аружан Темірбек
Редактор
ӘЧ-2026-ның ең шағын елі: Кюрасао футбол тарихын қалай қайта жазды?
ФОТО: Getty images

Әлем чемпионаты-2026 басталуына санаулы күндер қалды. Sports24.kz алдағы мундиальдің ең ерекше қатысушылары туралы әңгімесін жалғастырады. Солардың бірі - әлем чемпионаттары тарихындағы ең кішкентай мемлекет атанған Кюрасао құрамасы.

Әлем чемпионаты тарихындағы ең кішкентай мемлекет

Кариб теңізіндегі Кюрасао аралында шамамен 156 мың адам тұрады. Осындай шағын мемлекет алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алып, футбол тарихындағы жаңа рекордтың иесіне айналды.

Бұған дейін бұл көрсеткіш Исландияға тиесілі болған. Алайда Кюрасао халқы Исландиямен салыстырғанда үш есеге жуық аз. Ал арал аумағы небәрі 444 шаршы шақырымды құрайды.

Бір қызығы, Кюрасао құрамасы футбол картасында жақында ғана пайда болды. Нидерланд Антиль аралдары ыдырағаннан кейін ел ФИФА құрамына тек 2011 жылы енді. Сол кезде небәрі 15 жылдан кейін бұл құраманың әлем чемпионатына шығатынына ешкім сенбеген еді.

Кюрасао жетістігінің ауқымы Қазақстан қалаларымен салыстырғанда тіпті анық байқалады. Кариб аралындағы бұл мемлекетте шамамен 156 мың адам ғана тұрады. Салыстыру үшін айтсақ, Түркістан қаласында 240 мыңнан астам халық өмір сүреді, Талдықорғанда - шамамен 190 мың, ал Көкшетауда - 180 мыңнан аса тұрғын бар. Яғни Қазақстанның кейбір облыс орталықтарының халқы әлем чемпионатына қатысатын тұтас бір елден көп.

Бұдан бөлек, Кюрасао халқы Астана мен Алматы тұрғындарынан шамамен он есе аз. Тіпті Шымкент пен Қарағандымен салыстырғанда да бірнеше есе төмен. Соған қарамастан дәл осы шағын кариб елі Солтүстік Америка, Орталық Америка және Кариб аймағы конфедерациясы аймағындағы қиын іріктеуден сүрінбей өтіп, әлем чемпионатына тікелей жолдама алып отыр.

ФОТО: Getty images

Кюрасао ӘЧ-2026 турниріне қалай сенсациялық жолмен шықты

Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі Кюрасао тарихындағы ең үздік цикл болды. Құрама бірде-бір матчта жеңілмей, қатарынан 10 ойын өткізді.

Команда Гаити, Аруба, Барбадос және Сент-Люсия құрамаларын сенімді түрде жеңді. Ал шешуші кезеңде Ямайка, Тринидад және Тобаго, сондай-ақ Бермуд аралдарымен бір топқа түсті.

Тарихи матч Ямайкаға қарсы өтті. Стив Макларен жаттықтыратын қарсыласқа тек жеңіс қажет болғанымен, Кюрасао сырт алаңда 0:0 есебін ұстап қалып, тікелей әлем чемпионатына жолдама алды.

Ең қызығы - бірнеше жыл бұрын Кюрасао Солтүстік Америка, Орталық Америка және Кариб аймағы конфедерациясы аймағындағы әлсіз құрамалардың бірі саналған еді. Бірақ федерацияның дұрыс жұмысы мен еуропада өскен кюрасаолық футболшыларды шақыруы команданың деңгейін күрт көтерді.

ФОТО: Getty images

Әлем чемпионаты тарихындағы ең егде бапкер

Команданың бас бапкері - аты аңызға айналған Дик Адвокат.

78 жастағы нидерландтық маман әлем чемпионаттары тарихындағы ең егде бапкер атанбақ.

Адвокат өз карьерасында Нидерланд, Ресей, Оңтүстік Корея, Сербия, Бельгия және Ирак құрамаларын жаттықтырған. Сондай-ақ «ПСВ», «Зенит», «Фенербахче», «Рейнджерс» және «Сандерленд» клубтарында жұмыс істеді.

ФОТО: Getty images

Неліктен Кюрасао «голландиялық» футбол ойнайды?

Кюрасао футболшыларының басым бөлігі Нидерландпен тығыз байланысты. Олардың көбі сол елде дүниеге келген немесе голландиялық академияларда тәрбиеленген.

Сондықтан команда классикалық нидерланд стилінде ойнайды - допты бақылау, қанат арқылы шабуылдау және белсенді прессинг басты ерекшелік саналады.

Құраманың басты жұлдызы - «Астон Вилланың» бұрынғы ойыншысы Леандро Бакуна. Ол он жылдан астам уақыттан бері ұлттық құраманың көшбасшысы болып келеді.

Ал ең талантты ойыншылардың бірі ретінде 21 жастағы Ливано Комененсия аталады. Ол - «ПСВ» академиясының түлегі әрі «Ювентус» жастар командасының бұрынғы футболшысы.

Сонымен қатар Кюрасао тұрғындарының басым бөлігінде Нидерланд төлқұжатф бар. Бұл федерацияға Еуропада өскен футболшыларды ұлттық құрамаға тартуға мүмкіндік берді.

ФОТО: Getty images

Кюрасао ӘЧ-2026 турнирінде кімдермен ойнайды?

Әлем чемпионатында дебютант Е тобында Германия, Эквадор және Кот-д’Ивуар құрамаларына қарсы ойнайды.

Мұндай топтан шығу үлкен сенсация болар еді. Бірақ Кюрасаоның әлем чемпионатына қатысуының өзі алдағы мундиальдің ең әдемі оқиғаларының біріне айналып үлгерді.

Спорт — бір шертуде!
Біздің қауымдастықтарға жазылыңыздар да, спорттық оқиғалардан хабардар болыңыздар!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie