«Бізге тек жеңіс керек»: Димитриевски Қазақстанмен матч алдында уәде берді
Солтүстік Македония ұлттық құрамасының қақпашысы Столе Димитриевски 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу аясында Қазақстанға қарсы алдағы ойыннан не күтетінін бөлісті.
«Біздің мақсатымыз айқын — алаңға шығып, жеңіске жету. Біз жанкүйерлердің мықты қолдауына сенеміз, себебі дәл олар бізге қосымша күш береді. Әрине, Бельгия мен Қазақстан сияқты қарсыластардың деңгейі әртүрлі, бірақ бұл ойын оңай өтеді деген сөз емес. Трибуналар толы болса, бізге қажетті нәтиже береді деп сенемін — ол, әрине, жеңіс», — деп атап өтті Димитриевски баспасөз мәслихатында.
Солтүстік Македония — Қазақстан матчы 13 қазан күні Астана уақытымен 23:45-те басталады.
Алты турдан кейін Македония құрамасы J тобында 12 ұпаймен көш бастап тұр, Бельгиядан бар болғаны бір ұпайға алда. Қазақстан 6 ұпай жинап, бесінші орынға орналасқан. Бірінші айналымда Солтүстік Македония құрамасы Астанада қазақстандықтарды бір ғана голмен жеңген болатын.
Сондай-ақ Солтүстік Македонияның бас бапкері алдағы Қазақстанмен ойын туралы пікір білдірді.