Бес гол – табыс кепілі: Роджерс «Қайратпен» айқастан не күтеді?
Шотландиялық «Селтик» командасының бас жаттықтырушысы Брендан Роджерс Чемпиондар лигасының плей-офф іріктеу кезеңінде алматылық «Қайратқа» қарсы өтетін ойын алдындағы командасының дайындығы туралы айтты.
Кездесу 20 тамыздан 21 тамызға қараған түні Глазгодағы әйгілі «Селтик Парк» аренасында өтеді. Стадион 60 мың жанкүйерді сыйдыра алады.
Маманның сөзінше, команда толық құрамда кездесуге дайын:
«Бізде жарақат алған ойыншы жоқ. Ойынның сапасы мен қарқыны бізге келесі кезеңге шығуға мүмкіндік береді деп сенемін. Мұндай ойындар әрқашан оңай болмайды. Басты мақсатымыз – топтық кезеңге өту. Қазіргі құраммен де біз бұған қабілеттіміз, бірақ болашақта күшейту қажет болады», – деді Роджерс Daily Mail басылымына берген сұхбатында.
Бапкер «Селтиктің» әрқашан шабуылға бағытталған ойынды таңдайтынын атап өтті:
«Біз әрқашан бірінші нөмірмен ойнауға тырысамыз, бұл матч та ерекшелік болмайды. Бұған дейінгі үш сәтті іріктеуімнің екеуінде шешуші рөлді алғашқы ойын атқарды. Екеуінде де біз бес голдан соққан едік. Сондықтан біз үшін басты нәрсе – шабуылдағы батылдық пен шешім. Біз өте қолайсыз қарсылас болғымыз келеді. Алғашқы матчта артықшылыққа қол жеткізуді қалаймыз».
Жауапты кездесу 26 тамыз күні Алматыда Орталық стадионда өтеді. Ойынның басталуы – 21:45-те (жергілікті уақытпен).