locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Бернлидегі Дастан Сәтпаев баруға тиіс көрікті жерлер

Бернлиді басқа қырынан таныстырып, қаланың және оның маңындағы ең көрікті жерлерді жинадық
Футбол
Sports24.kz сайтын Google-ға қосу
Бернлидегі Дастан Сәтпаев баруға тиіс көрікті жерлер
ФОТО: Getty images

Дастан Сәтпаевтың Англияға қоныс аударуы - жаңа клуб, басқа чемпионат пен британ футболына бейімделу ғана емес. «Бернлиге» жалға ауысқан 18 жастағы қазақстандық футболшы енді Ланкаширдің өзіндік табиғаты мен мәдениетін де жақыннан танып-білуге мүмкіндік алды.

Бернлиді туристер ағылатын алып шаһарлардың қатарына жатқызу қиын. Бірақ оның тартымдылығы да осында. Қала орталығынан сәл ұзасаңыз болғаны - үйлер мен көшелердің орнын жасыл төбелер, кең алқаптар мен Солтүстік Англияға тән табиғат көріністері басады.

Sports24.kz Сәтпаев жаттығулар мен матчтардан қолы босаған кезде барып көруге тұрарлық Бернли мен оның маңындағы ең көрікті жерлерді жинады.

Singing Ringing Tree

Жаңа қаламен танысуды Бернлидің ең ерекше нышандарының бірі - Singing Ringing Tree мүсінінен бастауға болады.

Краун-Пойнт биігінде орналасқан алып туынды әртүрлі ұзындықтағы мырышталған болат құбырлардан жасалған. Жел соққан кезде ауа құбырлардың арасынан өтіп, ерекше әуезді дыбыс шығарады. Сондықтан бұл мүсін «Ән салатын ағаш» деген атауға ие болған.

2006 жылы ашылған нысан уақыт өте Бернлидің басты символдарының біріне айналды.

Алайда мұнда тек ерекше мүсінді көру үшін ғана келмейді. Биіктен бүкіл Бернли мен оны қоршаған Ланкашир төбелері көрінеді. Ауа райы ашық кезде Пендл-Хиллді, тіпті «Бернлидің» үй стадионы - «Терф Мурды» да алыстан байқауға болады.

Сәтпаев үшін бұл жердің өзіндік мәні болуы мүмкін: бір нүктеден жаңа қаласын да, Англиядағы футбол мансабы жалғасып жатқан стадионды да тамашалауға мүмкіндік бар.

ФОТО: Getty images

Towneley Park

Қаладан алысқа шықпай-ақ тыныштық іздеген адамға Towneley Park таптырмас орын. Бұл - Бернлидегі ең үлкен саябақтардың бірі. Оның аумағы шамамен 180 гектарды алып жатыр, ал дәл ортасында тарихи Towneley Hall орналасқан.

Мұнда орман арасындағы соқпақтар, бақтар, серуендеуге арналған жолдар мен кең жасыл алқаптар бар. Ал Towneley Hall ғимаратында бүгінде музей мен көркемөнер галереясы жұмыс істейді.

Тығыз кестемен өмір сүретін кәсіби футболшы үшін мұндай жер күнделікті қарбаластан бір сәт алыстауға жақсы мүмкіндік. Бірнеше сағат табиғат аясында серуендеп, жаттығу мен алдағы ойындар туралы ойдан уақытша арылуға болады.

ФОТО: Getty images

Gawthorpe Hall

Нағыз ағылшын провинциясының тынысын сезінгісі келген адамға Бернли маңындағы Gawthorpe Hall қызық болуы мүмкін.

Елизавета дәуірінен қалған тарихи ғимарат бақтар мен 40 акрдан астам орманды алқаптың ортасында орналасқан. Оның айналасында емен, шамшат пен шынар ағаштары өседі, ал кейбір нүктелерден Пендл-Хиллге қарай әдемі көрініс ашылады.

Бұл жерде өндірістік Бернлидің бейнесі бірден ұмытылады. Көне ғимарат, жасыл көгалдар мен қалың орман көпшілік Англия туралы елестететін классикалық көріністі көз алдыңызға әкеледі.

Англияда алғаш рет ұзақ уақыт тұрып жатқан Сәтпаев үшін мұндай сапар жаңа елді футболдан тыс қырынан танудың бір мүмкіндігі болмақ.

ФОТО: Getty images

Pendle Hill

Қалалық саябақтар аздық етсе, Бернли маңындағы ең танымал табиғи орындардың бірі - Pendle Hill бағытын таңдауға болады.

Төбеге бірнеше жаяу бағыт апарады. Биікке көтерілген сайын Ланкаширдің кең даласы, ауылдары мен жасыл алқаптары көз алдыңызға жайылады.

Бұл енді бірнеше сағатқа емес, бос күнді толық өткізуге болатын бағыт. Мұнда футбол Англиясын еске салатын дүние аз: стадион мен жанкүйерлердің дауысының орнына - төбелер, самал жел және шексіз кеңістік.

ФОТО: Getty images

Weavers’ Triangle

Бернлидің көрікті жерлері тек табиғатпен шектелмейді. Қала тарихы тоқыма өнеркәсібімен тығыз байланысты. Сол кезеңнің ізін Weavers’ Triangle ауданынан көруге болады.

Канал бойында кезінде өндіріс үшін пайдаланылған көне кірпіш ғимараттар сақталған. Қазір олардың маңымен серуендеуге болады. Су, ескі фабрикалар мен солтүстік Англияға тән сәулет бұл ауданға ерекше реңк береді.

Егер Singing Ringing Tree Сәтпаевқа қазіргі Бернлиді биіктен көрсетсе, Weavers’ Triangle оның өткеніне үңілуге мүмкіндік береді.

ФОТО: Getty images

Wayside Arts Trail

Белсенді демалысты қалайтындар үшін Wayside Arts Trail бағыты да қызықты. Жаяу серуен жолы Singing Ringing Tree орналасқан Краун-Пойнтқа қарай алып барады.

Жол бойында Бернлидің айналасындағы табиғат көріністерін тамашалауға болады, ал сапардың ең әсерлі нүктелерінің бірі - сол «Ән салатын ағаш».

Бұл жай ғана саябақтағы қысқа серуен емес, қаладан шығып, Ланкашир табиғатымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін шағын саяхат.

ФОТО: Getty images

Бернли сырт көзге шағын әрі өндірістік қала болып көрінгенімен, оның айналасында Дастанның Англиядағы өмірін тек футболмен шектемейтін орындар жетерлік. Бір бағытта - жасыл төбелер мен биіктен ашылатын панорамалар, екінші жақта - көне ағылшын үйлері, саябақтар мен тарихи каналдар.

Бұған дейін Sports24.kz Сәтпаевтың Бернлидегі күнделікті өміріне үңіліп, баспана жалдау, коммуналдық қызметтер мен мейрамханадағы кешкі ас қанша тұратынын есептеген еді. Ендігі кезек - жаңа қаланы бағалар арқылы емес, оның табиғаты мен тарихы арқылы танып-білу. Ол үшін Дастанға жаттығулар мен матчтардың арасынан аз ғана бос уақыт табылса жеткілікті.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie