Қазақстан сирек футбол көрсеткіші бойынша Еуропаның 42 елінен озып кетті
Қазақстанның U-17 және U-19 жасөспірімдер құрамалары Еуропа чемпионаты іріктеуінің шешуші кезеңдеріне екінші жыл қатарынан жолдама алды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Германия, Испания, Франция, Италия және Португалиямен қатар тұр.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, қатарынан екі іріктеу циклінде мұндай нәтижеге УЕФА-ға мүше 55 ұлттық қауымдастықтың тек 13-і ғана қол жеткізген.
U-17 құрамасының нәтижелері ерекше көзге түседі. Қазақстан — осы жас санатындағы командалары іріктеудің бірінші кезеңінде топта екі жыл қатарынан жеңіске жеткен Еуропадағы небәрі сегіз елдің бірі.
Өткен жылы қазақстандықтар Хорватиядағы топта бірінші орын алып, турнир қожайындары мен Албания құрамасын жеңді. 2026 жылдың күзінде команда топта тағы да жеңіске жетіп, Австрияны 7:0 есебімен ойсырата ұтты және Грузиямен тең түсті. Қарашадағы құрамға ҚФФ академиясының бес түлегі енді.
U-19 құрамасы да тарихи жетістікке қол жеткізді. 2025 жылға дейін Қазақстан бұл жас санатында Еуропа чемпионатының элиталық кезеңіне бірде-бір рет шықпаған еді. Енді команда бұл белесті қатарынан екі маусымда бағындырды.
Қазіргі іріктеуде қазақстандықтар өз құрдастары арасындағы әлем чемпионы Португалиямен тең түсіп, Сербияны жеңді. Ал қарашада Косовоны ұтып, келесі кезеңге жолдаманы қамтамасыз етті.
ҚФФ бұл нәтижелерді жасөспірімдер құрамаларының халықаралық күнтізбесін кеңейтумен, қаржыландыруды ұлғайтумен, GPS-мониторингті енгізумен және «Батыр жолы» атты бірыңғай дайындық моделін қолданумен байланыстырады.
Қазақстан U-17 және U-19 құрамалары Еуропа чемпионаты іріктеуінің алғашқы кезеңдерінен қатар өткен Еуропадағы 13 қауымдастықтың қатарына екінші жыл қатарынан енді.