Байсуфинов Солтүстік Македониямен өткен ойында неге Кенжебекті алмастырғанын түсіндірді
Қазақстан құрамасының бас бапкері міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов Солтүстік Македониямен өткен (1:1) 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойынынан кейін құрамдағы өзгерістерге түсініктеме берді.
Маманның айтуынша, кейбір ауыс-түйістер мәжбүрлі сипатта болған.
«Максим Самородовтың орнына алаңға Свиридов шықты, ал Рамазан Оразов тізе жарақатына байланысты ойында қатыса алмады. Ал Ғалымжан Кенжебек – біздің негізгі ойыншымыз, бірақ командаға тұрақтылық та қажет. Сонымен қатар, оны жарақаттан сақтап қалу үшін тәуекел етпеуді жөн көрдік», – деді Байсуфинов.
Еске сала кетейік, Скопьедегі матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Осы нәтижеден кейін Қазақстан құрамасы 7 ұпай жинап, J тобындағы 4-орнын сақтап қалды.