«Қайсар» Елдар Аманбаевқа қызмет ұсынды
Медиаменеджер әрі журналист Елдар Аманбаев қызылордалық «Қайсар» клубында басшылық қызметке тағайындалуы мүмкін. Бұл туралы Sports24.kz сайтына белгілі болды.
Бұған дейін ASnews.kz басылымы Аманбаевқа Қазақстанның екі клубынан нақты ұсыныс түскенін хабарлаған еді. Олардың бірі елдің солтүстігінде, екіншісі оңтүстігінде орналасқан. Sports24.kz мәліметінше, оңтүстіктегі клуб - «Қайсар».
Түпкілікті шешім маусым аяқталғаннан кейін қабылданады. Тараптар келіссөздерді қайта жалғастыруды жоспарлап отыр. Көп нәрсе клуб ұсынатын шарттарға байланысты болмақ.
Жанкүйерлер Елдар Аманбаевты Qazsport телеарнасындағы жұмысынан және AmanVibe Telegram-арнасынан жақсы таниды.
Айта кетейік, «Қайсар» ҚПЛ-2026 маусымын сәтсіз өткізіп, элитадағы орнын сақтап қалу үшін күресіп жатыр. 28-тур қарсаңында қызылордалық клуб 24 ұпаймен 13-орында тұр. Команда турнир кестесін түйіндейтін «Жетісудан» небәрі екі ұпайға алда. 26 матчта «Қайсар» төрт рет жеңіске жетіп, 12 рет тең ойнады және 10 кездесуде жеңіліс тапты. Өткен жексенбіде өз алаңында чемпионат көшбасшысы «Ордабасыға» 1:4 есебімен жол берді.
Тамыз айының соңында «Қайсар» өз алаңында «Оқжетпеске» 2:3 есебімен жеңілгеннен кейін бас бапкер Андрей Ферапонтовпен қош айтысты. Қазір бас бапкер міндетін Дмитрий Карпов атқарып жүр. Оған бұған дейін «Қайсарды» басқарған Сұлтан Әбілдаев көмектеседі.
2025 жылдың қазан айының соңында клуб жекеменшік басқаруға өтті. Команданың жаңа басшысы болып TAU Group Ltd компаниясының иесі, кәсіпкер Исламғали Қозбақов тағайындалды. Ал «Қайсардың» басқарушы директоры қызметіне бұған дейін Қазақстан футбол федерациясының атқарушы директоры болған Бақытжан Пазылхайыр келді.