«Астана» ҚПЛ аясындағы кейінге шегерілген матчта «Ертісті» жеңді
«Астана» Қазақстан Премьер-лигасының 18-туры аясындағы кейінге шегерілген матчта павлодарлық «Ертісті» 1:0 есебімен жеңді. Кездесу 14 қазанда Павлодарда өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бірінші тайм 0:0 есебімен аяқталды. Алайда үзілістен кейін алаң иелерінің қорғаушысы өз айып алаңында қолмен ойнап, төреші пенальти белгіледі.
Допқа Бауыржан Исламхан жақындап, оны қақпаның оң жақ бұрышына дәл бағыттады.
ҚПЛ, 18-тур
«Ертіс» – «Астана» – 0:1
Гол: Исламхан, 50-минут (пенальти).
Бұл жеңіс елордалық клубқа чемпионаттың үшінші орны үшін күресте маңызды ұпайлар жинауға мүмкіндік берді. Григорий Бабаянның шәкірттері «Ақтөбе» мен «Оқжетпестен» алты ұпайға ұзап кетті.
Ал «Ертіс» үшін бұл жеңіліс Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу жолындағы жағдайды қиындата түсті. «Астанамен» кездесуге дейін павлодарлық клуб 26 ұпаймен турнирлік кестеде 13-орында тұрған еді. Команда әлі де элиталық дивизионда қалу үшін күресіп жатыр.