Қазақстан Кубогының қарымта матчында «Ордабасы» мен «Алтай» арасында төбелес болды
Қазақстан Кубогының жартылай финалының қарымта матчында «Алтай» мен «Ордабасы» арасында шағын төбелес орын алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Екінші таймның басында футболшылар ойын сәттерінің бірінен кейін өз эмоцияларын ұстай алмады. 50-минутта «Алтайдың» ойыншысы Неманья Мичевич пен шымкенттік команданың жартылай қорғаушысы Эльхан Астанов алаңда ауызша жанжалға түсті.
Дау-дамай кезінде алаң иелерінің бірі «Ордабасының» футболшысын итеріп жіберді, осыдан кейін алаңда жаппай төбелес басталды. Дегенмен, төреші шиеленісті жылдам басып, ойынды қайта жалғастыруға мүмкіндік берді. Төбелесте ең белсенді болған ойыншылар «сары қағазбен» жазаланды.
Футболдың өзіне келсек, «Ордабасы» екінші матчта да 2:1 есебімен жеңіске жетіп, ұлттық кубоктың финалына жолдама алды. Бірінші кездесуде Андрей Мартин командасы 3:1 есебімен басым түскен еді.
Кубок үшін өтетін басты матчта КПЛ көшбасшысының қарсыласы «Жеңіс» пен «Қайсар» арасындағы қарымта ойын нәтижесінде анықталады. Бұл матч дәл қазір өтіп жатыр.