Софья Самоделкина алғаш рет әлемнің үздік 10 мәнерлеп сырғанаушысының қатарына енді
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина мансабында алғаш рет әйелдер арасындағы жекелей сырғанаудан әлемнің үздік он спортшысының қатарына енді. Бұл Халықаралық конькишілер одағының (ISU) әлемдік рейтингі жаңартылғаннан кейін белгілі болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Енді оның еншісінде 2881 рейтингтік ұпай бар. Бұған АҚШ-тың Эверетт қаласында өткен Skate America 2026 Гран-при кезеңіндегі өнері елеулі үлес қосты. Турнирде бесінші орын алған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы 320 рейтингтік ұпай жинады.
АҚШ-тағы жарыста Софья сәтсіз бастады: қысқа бағдарламадан кейін 61,03 ұпаймен 11-орынға жайғасты. Алайда еркін бағдарламада төртінші нәтиже көрсетті (137,56 ұпай). Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 198,59 ұпай жинап, алтыншы орынға көтерілді.
Осылайша, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы ISU әлемдік рейтингінің үздік ондығына енген елдің екінші өкілі атанды. Бұған дейін осындай жетістікке Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жетіп, ерлер арасындағы жекелей сырғанаудан екінші орынға жайғасқан еді.
Әйелдер рейтингінде жапониялық Монэ Тиба (4412 ұпай) көш бастап тұр. Екінші орында америкалық Алиса Лю (4248), үшінші орында жапониялық Ами Накаи (3858).
ISU әлемдік рейтингінің үздік ондығы:
1. Монэ Тиба (Жапония) - 4412.
2. Алиса Лю (АҚШ) - 4248.
3. Ами Накаи (Жапония) - 3858.
4. Эмбер Гленн (АҚШ) - 3671.
5. Изабо Левито (АҚШ) - 3645.
6. Анастасия Губанова (Грузия) - 3409.
7. Лара Наки Гутманн (Италия) - 3356.
8. Нина Петрыкина (Эстония) - 3135.
9. Брэди Теннелл (АҚШ) - 2934.
10. Софья Самоделкина (Қазақстан) - 2881.
АҚШ-тағы тарихи секірістен кейін Самоделкина Алматыдағы мұз шоуында өнер көрсетеді