Англия Хорватияның қарсылығын еңсеріп, нәтижелі матчта жеңіске жетті
Англия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы ойынында Хорватияны жеңіп, турнирді сәтті бастады, деп хабарлайды Sports24.kz.
L тобындағы кездесу турнирдің ең тартысты матчтарының біріне айналып, Томас Тухель шәкірттерінің 4:2 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
12-минутта Харри Кейн пенальтиден мүлт кетпей, Англия құрамасын алға шығарды. 36-минутта Мартин Батурина есепті теңестірді. Алайда 42-минутта Кейн дубль авторы атанып, ағылшындарды қайтадан алға шығарды. Дегенмен бірінші таймға қосылған уақытта Петар Муса таразы басын теңестіріп, командалар үзіліске 2:2 есебімен аттанды.
Екінші тайм басталғаннан кейін Томас Тухель шәкірттері бастаманы өз қолына алды. 47-минутта Джуд Беллингем Англияның үшінші голын соқты, ал 85-минутта Маркус Рэшфорд матчтағы соңғы нүктені қойды.
Әлем чемпионаты-2026. L тобы
Англия - Хорватия - 4:2
Голдар: Кейн 12 (пенальти), 42, Беллингем 47, Рэшфорд 85 - Батурина 36, Муса 45+5.
Осы жеңістің арқасында Англия алғашқы үш ұпайын еншілеп, L тобының көш басына шықты.
Сондай-ақ Харри Кейн тарихи жетістікке қол жеткізді. Англия құрамасының шабуылшысы әлем чемпионаттарындағы тоғызыншы және оныншы голдарын соғып, бұл көрсеткіш бойынша Криштиану Роналдудан асып түсті.