«Қайрат» әлі де көш бастап келеді. 6-турдан кейінгі ҚПЛ турнирлік кестесі
Қазақстан Премьер-лигасының 6-шы турының барлық ойындары 26 және 27 сәуірде өтті.
Бірінші ойын күнінде төрт матч өткізілді. Турдың ашылу матчы Көкшетауда өтіп, жергілікті «Оқжетпес» елордалық «Жеңіспен» ойнады. Ақмола облысының командалары арасындағы ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
Самат Смақовтың бұрынғы командасымен кездесуі сәтсіз болып шықты. Семейлік «Елімай» сырт алаңда талдықорғандық «Жетісуды» 3:0 есебімен ойсырата ұтты.
«Астана» бірінші таймның басы мен аяғында гол соққан Чинедудың дублінің арқасында «Атырауды» жеңді. «Мұнайшылар» да гол соқты – 39 жастағы ардагер Мирам Сапанов қатарынан екінші матчта ерекшеленді.
«Ақтөбе» «Қобыландыдағы» маусымдағы алғашқы матчында жеңіске жетті. «Қызыл-ақтар» Жайро Жанның голының арқасында «Ұлытауды» минималды есеппен ұтты.
Екінші ойын күні «Тобыл Аренада» «Қызылжар» - «Қайсар» ойынымен басталды. Номиналды алаң иелері екінші таймда төрт минут ішінде екі гол соғып, кездесудің нәтижесін шешті.
«Ордабасы» Шымкентке оралған соң, қатарынан екінші ойында жеңіске жетті. Шымкенттік клуб оңтүстік дербиде «Тұранды» минималды есеппен жеңді. Кездесудің қаһармандары – пенальтиді қайтарған Бекхан Шайзада мен екінші ойын қатарынан жеңіс голын соққан Эвертон Мораес.
«Қайрат» пен «Тобыл» арасындағы орталық кездесу 6-турдың бағдарламасын аяқтады. Алматылық клуб өз алаңында 2:1 есебімен жеңіске жетті. Есеп одан да ірі болуы мүмкін еді, бірақ Георгий Зария пенальтиді сәтсіз орындады.
Қазақстан чемпионатының 6-шы турының қорытындысы бойынша «Қайрат» 17 ұпаймен турнир кестесінің көш басында келеді, бірақ артық ойыны бар. Алматылық команданы 14 ұпайы бар «Астана» қуып келеді. Ал «Елімай» мен «Ақтөбе» үшінші орынды бөлісті.
