«Ахмат» – «Крылья Советов» матчында қазақстандықтар қалай ойнады?
Грозныйдың «Ахмат» клубы мен Самараның «Крылья Советов» командасы Ресей Премьер-лигасының алтыншы турында тең түсті. Грозныйда өткен тартысты әрі нәтижелі кездесу 3:3 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Матчты қонақтар белсенді бастап, есепті де бірінші болып ашты. 15-минутта Иван Олейников «Крылья Советовты» алға шығарды. Алайда бірінші таймның соңына қарай «Ахмат» ойын барысын өзгерте алды. 36-минутта Лечи Садулаев таразы басын теңестірсе, арада екі минут өткенде Эгаш Касинтура грозныйлықтарды алға шығарды.
Дегенмен алаң иелері үзіліске басымдықпен кете алмады. Бірінші таймға қосылған уақытта Никита Чернов есепті 2:2-ге жеткізіп, екінші тайм алдындағы тартысты қайта күшейтті.
Үзілістен кейін де командалар шабуылға басымдық берді. 60-минутта Георгий Мелкадзе «Ахматты» тағы да алға шығарды. Бірақ бұл жолы да грозныйлықтар жеңісті есепті сақтап қала алмады. 72-минутта Олейников өзінің екінші голын соғып, матчтың қорытынды есебін белгіледі - 3:3.
Бұл кездесуде қазақстандық футболшылардың ойынына да ерекше назар аударылды. Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов «Ахматтың» негізгі құрамында алаңға шықты. Ол бірінші таймды толық өткізгенімен, нәтижелі әрекетімен көзге түсе алмады және үзілісте ауыстырылды.
Грозныйлық клуб сапындағы тағы бір қазақстандық ойыншы Ғалымжан Кенжебек кездесуді қосалқы құрамда өткізіп, алаңға шыққан жоқ.
Ал «Крылья Советов» сапында Ислам Чесноков екінші таймда ойынға қосылды. Қазақстандық вингер шамамен жарты сағат алаңда болғанымен, кездесуді соңына дейін аяқтай алмады. 76-минутта ол өзін жайсыз сезініп, ауыстыру сұрады. Чесноков алаңнан ақсап шықты, оның орнына Томас Гальдамес ойынға кірді.
Бұл Чесноковтың «Крылья Советов» жейдесіндегі екінші кездесуі болды. Бұған дейін қазақстандық футболшы «Акронға» қарсы ойында жаңа командасы сапындағы дебютін өткізген. Сол матчта самаралық клуб 3:0 есебімен жеңіске жеткен еді.
Ресей Премьер-лигасы. 6-тур
«Ахмат» - «Крылья Советов» - 3:3 (2:2)
Голдар: Олейников, 15 - 0:1; Садулаев, 36 - 1:1; Касинтура, 38 - 2:1; Чернов, 45+1 - 2:2; Мелкадзе, 60 - 3:2; Олейников, 72 - 3:3.
Осы тең нәтижеден кейін екі команданың да еншісінде алты ұпайдан болды. Келесі турда «Ахмат» Қазанның «Рубинімен» кездессе, «Крылья Советов» «Краснодарға» қарсы ойнайды.