Нұралы Алип Ресей Премьер-лигасының турындағы қорғаныстағы жекпе-жектер бойынша үздік атанды
«Зениттің» қазақстандық қорғаушысы Нұралы Алип Ресей Премьер-лигасының оныншы турында қорғаныста жеңіске жеткен жекпе-жектер саны бойынша ойыншылар арасында бірінші орын алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Краснодарға» қарсы сырт алаңдағы матчта Қазақстан құрамасының футболшысы қорғаныстағы 16 жекпе-жекте жеңіске жетті. Турдың ешбір ойыншысы бұдан жоғары нәтиже көрсеткен жоқ.
Екінші орынға 13 жекпе-жекте жеңіске жеткен махачкалалық «Динамоның» қорғаушысы Муталип Алибеков жайғасты. Үздік үштікті «Ахмат» командасының ойыншысы Турпал-Али Саид Ибишев 12 жеңіспен түйіндеді.
«Краснодар» мен «Зенит» арасындағы матч 10 қазанда өтіп, Санкт-Петербург командасының 3:2 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Алип негізгі құрамда алаңға шығып, 91-минутта ауыстырылды.
«Зенит» келесі кездесуін 14 қазанда Ресей Кубогі аясында сырт алаңда махачкалалық «Динамоға» қарсы өткізеді. Матч Қазақстан уақытымен 20:30-да басталады.