Жәнібек титулдық жекпе-жектегі жаңа қарсыласына жауап берді
Қазақстандық боксшы Жәнібек Алиханұлы (17-0, 12 КО) WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін датаниялық Якоб Банкке (20-0, 11 КО) қарсы жаңа жекпе-жектің санкцияланғанына жауап берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алиханұлы алдағы қарсыласын жекпе-жек үшін бөлінген гонорар көлеміне көңілі толмай, белбеуден бас тартқан Хамза Шираздың жолын қумауға шақырды. Осылайша жанкүйерлер жарқын жекпе-жектің куәсі болуы мүмкін:
«Қарсылас анықталды! Егер ол да әлсіз қарсыластың жолын қумай, жекпе-жекке келіссе, бізді үлкен шоу күтіп тұр! Жаңа салмақ! Бірден чемпиондық титул! Құдай қаласа, екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанамыз!» — деп жазды Алиханұлы Instagram-дағы парақшасында.
Еске салайық, тамыз айында Алиханұлы мен Банк WBO титулына міндетті үміткер атануға кімнің лайық екені жөнінде тартысқа түскен еді. Бұл дауда қазақстандық боксшы жеңіске жетті. Дегенмен міндетті үміткер мәртебесінсіз-ақ датаниялық боксшы бос қалған белбеу үшін жұдырықтасу мүмкіндігіне ие болды.
Қазір боксшылардың командаларына жекпе-жек шарттарын келісу үшін 15 күн берілді. Егер келісімге қол жеткізілмесе, жекпе-жек промоутерлік саудаға шығарылады.