«Барыстың» қақпашысы ҚХЛ-да күннің үздік ойыншысы атанды
Құрлықтық хоккей лигасы жанкүйерлердің дауыс беру қорытындысы бойынша Андрей Шутовты күннің үздік ойыншысы деп таныды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Мәскеулік «Динамомен» өткен жеңісті матчта «Барыстың» қақпашысы қарсыласының 38 соққысының 37-сіне тосқауыл қойып, алаң иелеріне тек бір шайба соғуға мүмкіндік берді. Ол шайбаны «Динамо» сапындағы хоккейшілер сан басымдығы кезінде соқты. Сонымен қатар Шутов кездесудің екінші жұлдызы атанды.
Михаил Кравец шәкірттері 4:1 есебімен жеңіске жетті.
«Андрей Шутов маусымды керемет бастап келеді!» – делінген лиганың мәлімдемесінде.
«Барыс» сырт алаңдағы төрт матчтың үшеуінде жеңіске жетіп, бір рет жеңіліс тапты. Барлық кездесуде нәтиже негізгі уақытта тіркелді. Қазақстандық клуб Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде 7 ойыннан кейін 10 ұпай жинап, үшінші орынға жайғасты.
«Барыс» лигадағы ең нәтижелі команда саналады. Команда 31 шайба соққан.
«Барыс» келесі матчтарын өз алаңында өткізеді. 25 қыркүйекте нижнекамскілік «Нефтехимикті» қабылдаса, 27 қыркүйекте санкт-петербургтік «СКА»-мен кездеседі.