locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Төрехан Сабырхан өзбек боксшысымен финал жолдамасына таласады: Болтаев несімен қауіпті?

Азиада-2026 жартылай финалында Төрехан Сабырхан Өзбекстан өкілі Шавкатжон Болтаевпен жұдырықтасады
Төрехан Сабырхан өзбек боксшысымен финал жолдамасына таласады: Болтаев несімен қауіпті?
ФОТО: sports.uz

Азиада-2026 бокс турниріндегі ең қызықты жартылай финалдардың бірі 70 келіге дейінгі салмақта өтеді. Әлем чемпионы Төрехан Сабырхан финал жолдамасы үшін Өзбекстан өкілі Шавкатжон Болтаевпен кездеседі, деп хабарлайды Sports24.kz.

Болтаев - жас болғанына қарамастан халықаралық тәжірибесі бар боксшы. Ол 2025 жылы 22 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионы атанды. Кейін 70 келіге дейінгі салмаққа ауысып, Өзбекстанның негізгі құрамасында өнер көрсете бастады.

Сол жылы Шавкатжон World Boxing аясындағы әлем чемпионатына қатысып, ширек финалға дейін жетті. Жарыс барысында ол ауыр сәттерден кейін жекпе-жекке қайта оралып, қарсыласына қысымын күшейте алатынын көрсетті. Бұл оның басты артықшылықтарының бірі - Болтаев жекпе-жек барысында тактикасын өзгертіп, соңғы раундтарға дейін қарқынын сақтай алады.

Өзбек боксшысы қазақстандық бокс мектебімен де жақсы таныс. 2026 жылы World Boxing Кубогы кезеңінде ол Абылайхан Жүсіповпен кездесіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 0:5 есебімен жеңілген.

ФОТО: sports.uz

Әлемдік рейтингте де қос боксшының айырмашылығы бар. Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта World Boxing рейтингінің көшін бастаса, Болтаев алғашқы ондықта орналасқан.

Азиада-2026 турнирінде Болтаев әзірге сенімді өнер көрсетіп келеді. 1/8 финалда ол Оңтүстік Корея өкілін 4:1 есебімен жеңсе, ширек финалда Қытай боксшысын 5:0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, кемінде қола жүлдені қамтамасыз етті.

Төрехан Сабырхан болса ширек финалда ерекше көзге түсті. Қазақстандық боксшы ирактық Али Касим Хамдан әл-Саррайды бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберіп, жартылай финалға сенімді өтті.

Осылайша, Болтаев жартылай финалға Азия чемпионы атағы, әлем чемпионатындағы тәжірибесі және Азиададағы екі жеңісімен келеді. Оның басты қаруы - жоғары қарқын, физикалық дайындық және жекпе-жек барысында тактиканы өзгерте білуі.

ФОТО: sports.uz

Ал рингтің екінші бұрышында - әлем чемпионы және World Boxing рейтингінің көшбасшысы Төрехан Сабырхан.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бұл принципті жекпе-жектің жеңімпазы Азиада-2026 финалына жолдама алады.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie