locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Қазақстан боксшылары Азиада-2026 финалына шығу үшін кімдермен жұдырықтасады

Қазақстан құрамасының бес боксшысы Азиада-2026 жартылай финалына шығып, жүлдені алдын ала қамтамасыз етті
Қазақстан боксшылары Азиада-2026 финалына шығу үшін кімдермен жұдырықтасады
ФОТО: olympic.kz

Қазақстанның бес боксшысы Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында алтын медаль үшін күресті жалғастырады. Ширек финалдық кезең аяқталғаннан кейін ерлер құрамасынан үш, әйелдер құрамасынан екі спортшы жартылай финалға жолдама алды. Олардың әрқайсысы кемінде қола жүлдені қамтамасыз етті, енді алда - финал жолдамасы үшін шешуші жекпе-жектер, деп хабарлайды Sports24.kz.

Ең қызықты кездесулердің бірі Төрехан Сабырханға бұйырды. 70 келіге дейінгі салмақта 2025 жылғы әлем чемпионы Өзбекстан өкілі Шавкатжон Болтаевпен кездеседі. Өзбек боксшысы 2025 жылы 22 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионы атанып, 2026 жылдың жазында World Boxing әлемдік рейтингінің алғашқы ондығына кірген. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бұл жекпе-жек Азиададағы кезекті принципті бәсекеге айналмақ.

Махмұд Сабырханға да осал қарсылас түскен жоқ. 55 келіге дейінгі салмақта ол филиппиндік Карло Пааламмен финал жолдамасын сарапқа салады. Паалам - Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері. 2021 жылы ол ең жеңіл салмақта Олимпиада финалына дейін жетіп, Филиппин боксының басты жұлдыздарының біріне айналған.

Аса ауыр салмақта Айбек Оралбай үндістандық Нарендер Бервалмен жұдырықтасады. Олардың қарсыластық тарихы да бар: алдыңғы Азия ойындарында Нарендер қола жүлде алып, жартылай финалда Қазақстан өкілі Қамшыбек Қоңқабаевқа есе жіберген. Үндістандық боксшы 2022 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанып, әлем чемпионатының ширек финалына дейін жеткен.

Әйелдер арасында Алуа Балқыбекова 51 келіге дейінгі салмақта вьетнамдық Нгуен Тхи Таммен кездеседі. Оның қарсыласы - 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сол турнирде Нгуен Тхи Там әйелдер арасындағы әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы вьетнамдық боксшы атанды.

Наталья Богданованы да өте тәжірибелі қарсылас күтіп тұр. 75 келіге дейінгі салмақта ол Үндістан өкілі Ловлина Боргохаинмен кездеседі. Боргохаин - Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2023 жылғы әлем чемпионы және алдыңғы Азия ойындарының күміс жүлдегері.

Осылайша, Қазақстан боксшыларының жартылай финалдағы жұптары:

• 51 кг: Алуа Балқыбекова - Нгуен Тхи Там (Вьетнам)
• 55 кг: Махмұд Сабырхан - Карло Паалам (Филиппин)
• 70 кг: Төрехан Сабырхан - Шавкатжон Болтаев (Өзбекстан)
• 75 кг: Наталья Богданова - Ловлина Боргохаин (Үндістан)
• +90 кг: Айбек Оралбай - Нарендер Бервал (Үндістан)

Жартылай финалдық жекпе-жектер 29 және 30 қыркүйекте өтеді. Ал алтын медаль үшін финалдық кездесулер 2 қазанға жоспарланған. Қазақстан қазірдің өзінде бокстан бес жүлдені қамтамасыз етті. Енді сол медальдардың қаншасы финалдық жолдамаға айналатыны анықталады.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie