Тоқтар мен Исроилов арасындағы жекпе-жектің толық видеошолуы
Қазақстандық актер әрі файтер Еркебұлан Тоқтар Астанадағы IBA Nomad турнирінде өзбекстандық Бобуржон «Испанчик» Исроиловты нокаутқа түсірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жекпе-жек суперорта салмақта кәсіпқой бокс ережесі бойынша өтіп, төрт раундқа жоспарланған болатын. Алайда Тоқтар кездесуді әлдеқайда ерте аяқтады.
Еркебұлан жекпе-жекті әсерлі бастап, «Испанчикті» небәрі 10-секундта нокдаунға түсірді. Алайда өзбекстандық файтер сасқалақтамай, соққыға төтеп беріп, бірінші раундта өзі де нокдаунмен жауап қайтарды.
Алайда екінші раундта Тоқтар бастаманы толық өз қолына алып, бірқатар шабуылдан кейін қарсыласын нокаутқа түсірді. Осыдан кейін рефери жекпе-жекті тоқтату туралы шешім қабылдады.
Айта кетейік, Астанадағы кештің басты жекпе-жегінде бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы, Қазақстан өкілі Санжар Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы дебюттік жекпе-жегін өткізді. Оның қарсыласы филиппиндік Нил Джакамос (7-1) болды, ал жекпе-жекте екінші ең жеңіл салмақтағы WBA Asia титулы сарапқа салынды.