Әлем кубогының жартылай финалындағы қазақстандықтардың қарсыластары мен жекпе-жек кестесі анықталды
Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing Әлем кубогының екінші кезеңінде Қазақстан құрамасының жартылай финалдағы қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ширек финал қорытындысы бойынша қазақстандық былғары қолғап шеберлері ел қоржынына сегіз медальді алдын ала қамтамасыз етті. Жартылай финалға әйелдер құрамасынан бес, ерлер құрамасынан үш спортшы жолдама алды.
Әйелдер арасында үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Таиланд өкілі Натнича Чонгпронгклангпен қолғап түйістіреді.
60 келіге дейінгі салмақта Виктория Графеева өзбекстандық Ситора Турдибековамен кездессе, 65 келідегі Аида Әбікеева Бразилияның Олимпиада чемпионы әрі әлемдегі үздік боксшылардың бірі Беатрис Феррейраға қарсы шаршы алаңға шығады.
80 келіге дейінгі салмақта Валерия Аксенова Франция спортшысы Давина Мишельмен финал жолдамасын сарапқа салады. Ал 80 келіден жоғары салмақта Дина Исламбекова Өзбекстан өкілі Олтина Сотимбоевамен жұдырықтасады.
Ерлер құрамасынан жартылай финалға шыққан Санжар Ташкенбай (50 келіге дейін) Испания боксшысы Мартин Молина Сальвадормен кездеседі.
Абылайхан Жүсіпов (70 келіге дейін) ширек финалда өзбекстандық Шавкатжон Болтаевты жеңгеннен кейін, енді Иордания өкілі Зеяд Ишаишпен күш сынасады.
90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай британдық Мэттью Уильямстан басым түскеннен кейін, жартылай финалда бразилиялық Жоэл Рамоспен қолғап түйістіреді.
Жартылай финалдық жекпе-жектер 20 маусым күні өтеді. Күндізгі сессия Астана уақытымен 09:00-де басталады. Бұл сессияда Назым Қызайбай, Виктория Графеева, Валерия Аксенова және Абылайхан Жүсіпов өнер көрсетеді.
Кешкі бағдарлама 15:30-да басталып, рингке Санжар Ташкенбай, Айбек Оралбай, Аида Әбікеева және Дина Исламбекова шығады.