Еркебұлан Тоқтар мансабын аяқтау жоспары туралы айтты
Қазақстандық файтер Еркебұлан Тоқтар Sports24.kz тілшісіне берген сұхбатында Астанада IBA Nomad лигасы ұйымдастырған International Boxing Day турнирінде Өзбекстан өкілі Бобиржон «Испанчик» Исроиловты жеңгеннен кейін кәсіпқой мансабын аяқтау жоспары туралы айтты.
Суперорта салмақтағы жекпе-жек кәсіпқой бокс ережесі бойынша өтіп, төрт раундқа жоспарланған болатын. Тоқтар кездесуді әсерлі бастап, Исроиловты небәрі 10-секундта нокдаунға түсірді. Алайда өзбекстандық файтер бірінші раундта-ақ дәл сондай жауап қайтарды.
Екінші раундта Тоқтар қарсыласын тағы бір рет нокдаунға түсіріп, бірнеше секундтан кейін жекпе-жекті техникалық нокаутпен аяқтады.
Бұл жеңіс Тоқтардың кәсіпқой рингтегі үшінші жеңісі болды. Ал Исроилов мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.
Жекпе-жектен кейін Тоқтар алдағы бір жарым жыл ішінде мансабын аяқтауды жоспарлап отырғанын айтты. Файтер мұның басты себептерінің бірі ретінде отбасын құру ниетін атады.
«Бір жылдан немесе бір жарым жылдан кейін мансабымды аяқтаймын. Отбасы құрғым келеді, ал мұндай жағдайда бұл өте қиын. Әйеліммен үнемі тығылып жүру керек. Осы бір-бір жарым жылдың ішінде бизнесімді аяққа тұрғызып, менсіз-ақ бәрі дұрыс жұмыс істейтіндей жағдай жасаймын», – деді Тоқтар.
Еркебұлан тағы бірнеше жекпе-жек өткізуі мүмкін
Сонымен қатар файтер мансабын аяқтағанға дейін нақты қанша жекпе-жек өткізетінін әзірге анықтаған жоқ.
«Мүмкін, 8-9 жекпе-жек, бәлкім, екеу-ақ болар. Қалай болатынын білмеймін. Бірақ соңғы үш жылдан бері осы жылды соңғы жылым деп айтып келемін, сондықтан көре жатармыз», – деді спортшы.
Айта кетейік, бұған дейін Сәкен Бибосынов Еркебұланның жекпе-жек алдындағы рингке шығуына қатысты пікір білдірген болатын.