Еркебұлан Тоқтар келесі қарсыласының есімін атады
Қазақстандық ММА файтері Еркебұлан Тоқтар ресейлік поп-ММА жұлдызы Шовхал Чурчаевпен бокс ережесі бойынша жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Келесі қарсыласым ба? Мен Шовхал Чурчаевпен баяғыдан бері жұдырықтасқым келеді. Бұдан әрі бокс бағытымен жүргім келеді. Қалай болғанда да, ММА – гуманистік спорт түрі емес. Оның үстіне мына тормен өзіңді қамауға түскен ит сияқты сезінесің. Бокста өзімді әлдеқайда жайлы сезінемін. Ең бастысы – тор болмасын. Тордың ішінде өзімді ит сияқты сезінемін», – деді Еркебұлан Тоқтар.
Бұған дейін Еркебұлан Тоқтар Астанадағы IBA Nomad турнирінде өзбекстандық Бобиржон «Испанчик» Исроиловты жеңген болатын. Кәсіпқой бокс ережесі бойынша өткен жекпе-жек екінші раундта аяқталды.
Сондай-ақ Астанадағы турнир аясында әуесқой бокстан әлем чемпиондары Санжар Тәшкенбай мен Сәкен Бибосынов та жеңіске жетті.