Қазақстан мен Өзбекстан Азиада-2026 бокстан жалпы есепте нешінші орын алды?
Жапонияда өтіп жатқан Азиада-2026 аясындағы бокс бағдарламасы толық аяқталды. 11 салмақ дәрежесінде, оның ішінде ерлер арасында алты және әйелдер арасында бес санатта чемпиондар анықталып, жалпы медальдық есеп қорытындыланды. Қазақстан турнирді үшінші орында аяқтап, тек Үндістан мен Өзбекстанға жол берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан бес медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасының еншісінде бес жүлде бар: екі алтын және үш қола.
Финалдық күннің басты қаһармандары Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай болды. 70 келіге дейінгі салмақта Сабырхан Иордания өкілі Зеяд Ишаишті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңді. Бұл Қазақстан үшін Азия ойындарындағы бокстан соңғы 12 жылдағы алғашқы алтын медаль болды.
Кейін ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай да чемпион атанды. 90 келіден жоғары салмақта өткен финалда ол өзбекстандық Жахонгир Зокировты 5:0 есебімен жеңді.
Қазақстан атынан қола жүлдені Махмұд Сабырхан 55 келіге дейінгі салмақта, Алуа Балқыбекова 51 келіге дейінгі салмақта және Наталья Богданова 75 келіге дейінгі санатта иеленді.
Үндістан жалпы есепте бірінші болды
Бокстан жалпы медальдық есептің көшін Үндістан бастады. Бұл елдің спортшылары үш алтын және үш қола жүлде жеңіп алды.
Чемпион атанғандар қатарында 75 келіге дейінгі салмақта Ловлина Боргохаин, 65 келіге дейін Парвин және 80 келіге дейін Анкуш бар. Үш финалдағы жеңіс Үндістанға жалпы есепте бірінші орын алуға мүмкіндік берді.
Өзбекстан Қазақстаннан жоғары орналасты
Өзбекстан да Қазақстан секілді екі алтын медаль жеңіп алды. Алайда жалпы есепте бір күміс пен төрт қола жүлденің арқасында қазақстандықтардан жоғары тұр.
Өзбекстанға алтынды 60 келіге дейінгі салмақта Абдумалик Халоков және 90 келіге дейінгі санатта Турабек Хабибуллаев әкелді. Ал Жахонгир Зокиров командаға үшінші алтынды сыйлауы мүмкін еді, бірақ шешуші жекпе-жекте Айбек Оралбайдан жеңілді.
Ерлер арасындағы жеке есепте Өзбекстан 2 алтын, 1 күміс және 2 қоламен бірінші орын алды. Қазақстан 2 алтын, 1 қоламен екінші болды. Ал ерлер мен әйелдер жарысы бірге есептелген жалпы кестеде Үндістан көш бастады.
Азиада-2026 бокстан қорытынды медальдық есеп:

Осылайша, Қазақстан Азиада-2026 бокс бәсекесін үздік үштікте аяқтады. Ұлттық құрама екі финалдың екеуін де жеңіспен аяқтап, 2014 жылдан бері алғаш рет Азия ойындарында бокстан алтын медаль иеленді. Ал Өзбекстан алтын саны бойынша Қазақстанмен тең болғанымен, күміс және қола жүлделер санының арқасында жалпы есепте жоғары орын алды.