ҚХЛ турнир кестесі: «Нефтехимикті» жеңгеннен кейін «Барыс» нешінші орында?
Астаналық «Барыс» Нижнекамскінің «Нефтехимигін» мінез көрсетіп жеңгеннен кейін ҚХЛ турнир кестесіндегі жағдайын жақсартты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Михаил Кравец командасы нағыз камбэк жасады. Үшінші кезеңде астаналықтар 2:4 есебімен ұтылып жатты. Алдымен Әлихан Өмірбеков есеп айырмасын қысқартты, ал сиренаға 12 секунд қалғанда Гарретт Пилон таразы басын теңестірді. Овертаймда «Барыс» қарсыласын дожать етіп, 5:4 есебімен жеңіске жетті.
«Барыс» Шығыста бесінші орында
Осы матчтан кейін астаналық команданың еншісінде 11 кездесуден кейін 12 ұпай бар. «Барыс» ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында бесінші орында тұр.
«Автомобилист» те 11 матчтан кейін 12 ұпай жинағанымен, турнир кестесінде астаналық клубтан төмен орналасқан.
«Барыстың» алдында төрт команда бар:
1. «Металлург» Магнитогорск - 17 ұпай, 11 матч
2. «Нефтехимик» - 16 ұпай, 12 матч
3. «Ак Барс» - 15 ұпай, 12 матч
4. «Салават Юлаев» - 13 ұпай, 11 матч
5. «Барыс» - 12 ұпай, 11 матч

Осылайша, бұған дейін қатарынан үш рет жеңілгеніне қарамастан, «Барыс» Шығыс конференциясының жоғарғы бөлігінде қалып отыр және төртінші орыннан небәрі бір ұпайға артта келеді.
Бұл жеңістің маңызы да жоғары, өйткені «Нефтехимик» Шығыс конференциясының көшбасшыларының бірі. Жеңілгеніне қарамастан, Нижнекамск клубы 16 ұпаймен екінші орнын сақтап қалды.
Бұған дейін «Барыс» «Ак Барсқа» 1:4 есебімен жол берді. Одан бұрын СКА мен дәл осы «Нефтехимиктен» жеңілген болатын. Нижнекамскідегі жеңіс астаналықтарға қатарынан үш матчқа созылған сәтсіз сериясын тоқтатуға мүмкіндік берді.
Келесі кездесуін «Барыс» 4 қазанда Мәскеуде «Спартакқа» қарсы өткізеді.