ВИДЕО: «Барыс» «Нефтехимиктен» жеңісті жұлып алды
Астаналық «Барыс» сырт алаңда «Нефтехимикті» жеңіп кетті (5:4) және Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатындағы матчта жеңіске жетті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Астаналық команда үшінші кезеңнің соңғы минутына дейін есепте ұтылып жатты. Алайда жігіттер мінез көрсетіп, таразы басын теңестірді, артынша Нижнекамскіде овертаймда екі ұпайды жұлып алды.
Командалар бірінші кезеңде шайбалармен алмасты. Бэйли есеп ашса, алаң иелері Надворныйдың дәл соққысымен жауап берді. Екінші 20 минуттық кезең де осыған ұқсас сценариймен өтті. Қарсыластар Томпсон мен Белозеровтың шайбаларымен алмасты.
Ал үшінші кезеңнің басында алаң иелері екі шайба соғып, жеңіске үлкен қадам жасады. Қонақтардың жеңілетініне бәрі дайын тұрғандай көрінді. Бірақ астаналық команда берілмеді: алдымен Өмірбеков есеп айырмасын қысқартты.
Негізгі уақыттың соңғы минутында Пилон есепті теңестіріп, ойынды овертаймға ауыстырды. Ал қосымша уақытта Симонов астаналық командаға 5:4 есебімен жігерлі жеңіс сыйлады.
Михаил Кравец шәкірттері үшін бүгінгі жеңіс ҚХЛ-дағы қатарынан үш жеңілістен кейінгі алғашқы жеңіс болды. 12 ұпай жинаған астаналық команда Шығыс конференциясында бесінші орында қалды. Ал «Нефтехимик» 16 ұпаймен екінші орында тұр.
Назарларыңызға ҚХЛ-дағы «Нефтехимик» - «Барыс» (5:4) матчының бейнешолуын ұсынамыз